Түркістан қазір ғимарат пен адамға толыпты - Батырхан Сәрсенхан
Батырхан Сәрсенхан – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мұшесі. 1995 жылы, 28 наурызда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ақпан ауылында туған. Халықаралық «Шабыт-2014» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» бойынша Гран-При, 2021 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Және көптеген республикалық байқаулардың жеңімпазы. «Мейірім ғаламшары» атты жыр жинағының авторы.
– Жуырда ғана Түркістанда болдым. Шынында, қызық сезімдерге булықтым. Баяғы қала оңашалыққа, ақындыққа жақын еді. Қазір ғимарат пен адамға толыпты. Қала заманауи үлгіде дамып келеді. Алайда өзгермеген табиғат ішінен он тоғыз жасар өзімді тауып, сәлем беріп, сұхбаттасып қайттым.
Мені көбіне адамдардың бейғамдығы мұңға батырады. Кез келген жан өмір, тағдыр, жер, су, гүлдің мәнін, жақын мен алыстың мәнін білуге талыпынбайтыны қалай? Адамдық мұрат пен ұлттық мұратқа жалғанбай, тек тән үшін ғана өмір сүрген пенделер мені қайран қалдырады. Ешнәрсе бекер емес. Ғалам да бостан-босқа жаратылған жоқ. Ендеше, айналаға қарап ой жүгіртіп, ең болмаса түбірімізді танырлық ғылым-білім жию керек емеспіз бе? Әлемдегі барлық зұлымдықтың басында білместік жатыр. Бәлкім білу дегенді дұрыс түсінбеу жатыр. Білу деген – өзіңді білу. Гете «Бәрін білген емес, өзін білген адам білімді» деді. Яғни бүгінгі ақпараттық біліммен ғана шектелген саналар, өзді-өзін білуге талпынса – барлығы үшін де мұңайатын ақындардың мұңы жеңілдер еді, - дейді Батырхан Сәрсенхан.