Бекасыл әулиенің жазған-сызғандары кітап болып басылып шықты

Oinet.kz 10-10-2022 710

Экс-мәжілісмен, Саясат ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ержан Исақұлов тарих саласында кеңінен еңбектеніп, Түркістан облысына танымал Бекасыл әулиенің жазған-сызғандары мен тың деректер жинап, кітап қылып шығарды. 


Screenshot_10.jpg

- Белгілі ақын Қазанғап Байболовтың әке-шешесі бала тұрмаған соң Бекасыл бабамызға келген екен. Содан әулиенің шарапатымен көп ұзамай Қазанғап туылады. Қазанғап жас кезінде Бекасыл әулиенің медресесінде білім алған, оның ең зерек және дарынды шәкірттерінің бірі болған. Кейінірек ақындық жолға түскен. Бекасыл бабамыз жинаған деректердің негізінде «Еңсегей бойлы Ер Есім» мен «Төлеби тарихы» дастандарды  жазған.

Қасиетті бабаларымыздың тарихын -Тәуелсіздігіміздің арқасында таныдық. 2001 жылы Үкіметтің шешімімен, ауылымыздағы мектепке Бекасыл Биболатұлының есімі берілді. Осы шараға Қазанғап Байболовтың ұлы Оңғар да келді. Сол жолы ол маған Бекасыл бабамыздан қалған мұраны шаңырағында көзінің қарашығындай сақтап келе жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, Қазанғап өлер алдында өзінің кемпірі мен сол кездегі 12 жастағы ұлы Оңғарға «түбі мұның егесі келеді, соған тапсырарсыңдар» деп аманат еткен екен. Міне, кітаптың қысқаша айтқандағы тарихы осындай.  

Бекасыл әулиеден қалған кітап  араб, парсы және шағатай тілінде жазылған. Біраз имамдарға көрсетіп едім, олар оқи алмады. Осыдан кейін белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековпен ақылдастым. Кітапты оқи алатын және оны қазақшаға аудара алатын адам іздедік. Ақыр соңында Мақсұт Шафиғи, Сәрсенбі Дәуіт деген белгілі ғалымдарды іздеп таптық.  Шафиғи Қытайда туылған, шағатай тілін жақсы меңгерген, тақуа адамдардың ұрпағы екен. Ұлттық кітапханада өте сирек кездесетін кітаптармен жұмыс істепті. Бекасыл әулиенің артында қалған мұрасын алғаш рет қазақ тіліне аударған осы екі ғалым. Кітап  «Жұлдызнама» деген атпен басылып шықты. Оған Мырзатай ағамыздың ақылымен кітаптың факсимилесін қостық. Алайда жоғарыда аталған ағаларымыз «шамамыз жеткен жеріне дейін бардық, біраз жері аударылмады» деді. Осыдан кейін уақтысында Ташкенттегі Орта Азия діни басқармасының медресесінде сабақ берген, Алматыдағы «Нур Араб» университетінің ректоры  болған Абдулла Жолдас деген ағамызға қолқа салдық. Кітап оның аудармасымен екі том болып жарыққа шықты. Алайда бұл жолы да Бекасыл бабамыздың еңбегі толық игерілмей қалды. Ақыр аяғында ол кітапты жоғарыда аты аталған араб, парсы, шағатай тілдерінің білгір маманы Зәріпбай Оразбай деген азамат аударып, ол «Қазыналы Оңтүстік» деген көптомдықтың сегіз томына енгізілді. Бірақ бұл кітап аз таралыммен жарық көрді. Осыдан кейін кітапқа араб, парсы, шағатай тілдеріндегі транскрипциясы мен факсимилиясын қосып, оны екі том етіп қайта жарыққа шығардық. Кітап бұл жолы «Зикзал» деген атаумен басылды. 

-Осы жерде кітаптың «Зикзал» аталуын түсіндіре кетсеңіз. 

-«Зикзал» ескі замандардан келе жатқан сөз. Аңыз бойынша адамзаттың тарихында мата тоқуды алғаш меңгерген Ыдырыс пайғамбар екен. Жіптен матаны өрнектеп тоқуды «зикзал» деп атаған. Бекасыл бабамыз өзінің кітабында «Қалам алып, жаздым зикзал» деген. Яғни, көптеген ілім-білім, деректерді қиюластырып, өрнектеп жаздым дегені.

Атақты ғалымдар мен дінтанушылардың пікірінше, «Зикзал» адамзаттың қымбат жауһарларының қатарына жатады. Ол кез келген қазақтың төрінде тұратын қасиетті кітап. Онда адамның күнделікті өміріне керекті барлық ақыл-кеңестер берілген. «Зикзалды» екінің бірі түсіне бермейді. Өйткені, онда ақыл-кеңестерден басқа,  жаратылыстың тылсым дүниелерін ашатын күрделі ілім жазылған. Зәріпбайдың айтуынша, кітапта 300-ге жуық түрлі дұғалар бар. Бұл дұғалардың адамға ешқандай зияны жоқ, бүгінгі сөзбен айтқанда сиқыр, яғни қара магиямен байланысты емес. Бекасыл әулие өз заманында адам емдеген, түрлі дұғалармен адамдарға шипа, рухани күш-қуат берген. Оның емдік дұғалары мен ақыл-кеңестерін адамдар  қазіргі кезде де кеңінен пайдаланып жатыр, - дейді ғалым. 

Бекасыл әулие әлі де терең зерттеуді қажет етеді
Түркістан қазір ғимарат пен адамға толыпты - Батырхан Сәрсенхан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу