Бекасыл әулие әлі де терең зерттеуді қажет етеді
Ержан Исақұлов отыз жылдан астам уақыт Ұлттық қауіпсіздік саласында еңбек еткен. Аталған құрылымның бірнеше өңірдегі департаментін басқарған, комитет төрағасының орынбасары болған. Қауіпсіздік қызметінің генералы. Мәжіліс депутаты да болды. Саясат ғылымдарының докторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Соңғы жылдары тарихпен, оның ішінде кез-келген зерттеушінің тісі бата бермейтін көне замандардың құпия сырларын ашумен, қазақтың ұмытылған тарихын түгендеумен айналысып жүр.
-Тарихқа әркімнің таласы бар. Бұл жалпы бала кезден қалыптасқан қасиет. Мен Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан Кеңесарық деген ауылда өмірге келдім. Көнекөз қариялардың айтуынша, сол жерде Есім ханның ордасы болған.
Кішкентай кезімізде тойларға бара қалсақ, үлкендер жағы мені шақырып алып, «молда атаның баласы қасымызға отыр» деп, жіліктің майлысын ұстататын. Шешем Баршакүл «сендер әулиенің ұрпақтарысыңдар, жақсы оқуларың керек» дегенді миымызға күнде құйып отыратын. Әулие деп отырғаны бабамыз «сахара ғұламасы» атанған Бекасыл Биболатұлы. Бірақ үлкендердің айтқан әңгімелері болмаса, Бекасыл әулие туралы ол кезде ешқандай жазба дерек жоқ болатын.
Мен Бекасыл әулие туралы жүйелі әрі нақты мәліметтерді алғаш рет белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай деген ағамыздан естідім. Ол кісі Бекасыл әулиенің өкіл қызынан тараған ұрпақ. Екеуіміз біраз әнгімелестік, жұмыстар жүргіздік. Осыдан кейін ағамыздың «Бекасыл әулие» және «Сахара ғұламасы» деген кітаптары жарыққа шықты. Ол кітаптар оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Қазақ руханиятының алып тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстікке сапарын баяндайтын «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазрет бола ма?» деп аталатын мақаласында Бекасыл әулиені аса құрметпен хазрет, ұстаз деп атайды және пір тұтады. «Қазақ орысқа қарағалы бері Бұқарадағы Мір-Араб медресесінде 19 қазақ оқыған. Оның біріншісі Бекасыл, ең соңғысы мен. 19 адамның алтауы ғана аман қалды, басқалары ірге жағалап кетті»,-деп жазған екен ғалым.
Бекасыл әулие 1822 жылы Есім ханның ордасының іргесінде өмірге келген. 93 жас ғұмыр кешкен. Алдымен Қарамұрт деген жердегі, кейін Қарнақтағы мердеседе ілім алған. Одан әрі Ташкентте, Самарқанда, Бұқарада, тіпті Сирияның астанасы Шамға (қазіргі Дамаск) дейін барып білімін жетілдірген.
Мәшһүр Жүсіп 29 жасында керуенге ілесіп, Баянауылдан Түркістанға келген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етеді. Сол жерде Бекасыл әулиемен кездеседі. Бекасыл оны туған жері Қарасораға алып барып, қонақ қылады. Өзінің жазып жүрген «Жұлдызнама» атты кітабын көрсетіп, «білімің жоғары адамсың, қосатын жерің болса қос, алатын жерің болса ал» депті. Өзінің жоғарыда аталған естелігінде Мәшһүр Жүсіп ол еңбекті аса құнды, баға жетпес туынды деп бағалаған. Менің шамалауымша, бұл оқиға 1897-98 жылдары болған.
Мәшһүр Жүсіп 1908 жылы ақ патшаға қарсы мақала жазады. Артынша қуғынға ұшырап, Оңтүстік жерін бес жылдай паналаған. Сол жылдары Бекасыл әулиемен тығыз байланыста болады, - дейді ғалым.