Шығысқа деген махаббатымды ашқан Мекемтас Мырзахметұлы - Батырхан Сәрсенхан
Батырхан Сәрсенхан – 1995 жылы 28 наурызда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ақпан ауылында туған. Бірнеше Республикалық мүшайралардың жүлдегері. Жақында біз түркістандық ақыннан шығармашылығы жайлы сұрап, оқырманға кеңінен насихаттамақ мақсатта сұхбат алған едік.
– Шығыстық мұралар – Кеңес одағы кезінде бұрмаланып, тыйым салынған байлықтың сапында тұрды. Тіпті «Абайдың Батысынан Шығысы басым» дегені үшін Әуезов қудалау көрді. Постсоветтік кеңістік өз өлшеміне сай келмейтін құндылықтардан бас тартты. Мектеп кезден орыс жазушыларын оқып, Батысшыл болып өстім. Чехов пен Буниннің стильімен адамдарды сынағыш, мін таққыш та болдым. Кейін келе Алматыда Мекемтас Мырзахметұлынан бір жылдай сабақ алған соң, Шығыс әдебиетіне аңсарым ауды. Көп жайттың ұшына емес, ең терең тамырына назар салуды үйрендім. Шығысты зерделемей, кісінің тұлға болып қалыптасуы қиын. Абай мен Шәкәрім, Алаш арыстарының артықшылығы – олар әуелі медрессе іргесінде Шығыстық іліммен сусындап өсті. Іргетасты қалыптастырып алған соң Батыстық білімдерге еркін қадам басуға болады. Яғни менің Шығысқа деген махаббатымды ашқан Мекемтас Мырзахметұлы.
Ақ өлең жазып, шығармашылық ізденістерге баруды құптаймын. Румидің бір өлеңі бар. Мен Құдайды храмнан, церквиден, мешіттен іздедім, ақыры өз жүрегімнен таптым дейді. Сол секілді әртүрлі жолдарға қадам басып, шарқ ұрып ізденген адам ғана өзін таба алады. Ал қазіргі ақ өлеңдерге келсем, көбісі еліктеуден аса алмай тұр.
Ізденіс атты пыраққа мініп, басымызды тауға да, тасқа да ұрғанымыз рас. Ерлан ағамыздың өлеңі бар. «Бақыттың біздер мекенін іздеп шыққанда, сезбеппіз сол бір мекеннен шыққанымызды» деген. Шынында, бақытты әр тұстан іздеп, шарқ ұрып, ақыры бастапқы бекетке қарай жақындау үстіндеміз. Өйткені әр шығармашылық иесі өз болмысын ғана жаза алады.