Шымкентте «Анаға хат» шығармашылық байқауы өтті
Мектеп оқушыларының бойына рухани құндылықты сіңдіріп, өнегелі ұрпақ етіп тәрбиелеу - басты назарда. Өнегелі ұрпақ елін сүйер патриот болар анық.
Осы орайда Шымкентте бірінші рет пилоттық жоба ретінде «Анаға хат» шығармашылық байқауы онлайн түрінде ұйымдастырылды. Байқауға Абай ауданы аумағындағы бес мектептің оқушылары қатысты.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Қазылар алқасы байқауға түскен 49 оқушының шығармаларымен танысып, жүлдеге сай жұмыстарды марапаттауға ұсынды. Байқаудың екінші кезеңі «Саз» колледжінде жалғасты. Жоба авторы, айтыскер-ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Леубаева қатысып, жастарға жүрекжарды лебізін білдіріп, арнауын жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша, көпшілік алдында шығармаларын оқыған оқушылар жеңімпаз деп танылып, түрлі номинацияға ие болды. Ал, ең ұшқыр ойлы, әсерлі, мағыналы жазылған 4 шығарма иелері Абай ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сонымен бірге, демеушілер дайындаған смартфон мен планшеттер табысталды. Шығармаға белсендік танытқан мектеп ұстаздарына да аудан әкімінің алғыс хаты берілді. Аталған жоба алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.