Балалар мерекесін тойлау ерекше жоспарлануда
Биыл Шымқалада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Білім басқармасы тарапынан 5 бірдей іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының балалардың құқығын қорғау мәселесі жөніндегі орынбасары Ақмарал Жүнісова және Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне тоқталды.
– Балалар мерекесіне орай іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Атап айтсақ, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында бөбектер үйінің 30 баласының тұсау кесерін өткізу, Зообақта 2 500 балаға тегін балмұздақ тарату, қала абыройының асқақтауына үлес қосқан жеңімпаз оқушылардың қатысуымен Дендрологиялық саябақта пикник форматында іс-шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін «Понтос» мейрамханасында мерекелік дастарқан жайылып, тегін балмұздақтар мен ойыншықтар таратылады. Ал мерекелік кештің соңы Шымкент жастар Лигасының футбол ойындарының финалымен жалғасып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен қорытындыланады, – деді Жанат Арыстанбекқызы.
Айта кетейік, марапаттау рәсімі өтетін «Қажымұқан» стадионы 17 мың адамды қамтиды. Бұл ретте санитарлық талаптарды сақтай отырып, марапаттау кешіне 2 000 адам қатыса алады.