Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған
Мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға Халықаралық балаларды қорғау күніне орай арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.
- Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Шымкент қаласында небәрі 75 мың оқушы болса, қазір олардың қатары 226 мыңға жетті. Сәйкесінше өскелең ұрпақтың әрбір күнін мәнді де сәнді өткізуге барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Мен қашан да балалардың қамқоршысы боламын» деген болатын. Осы тұста салаға жауаптылар сіздердің балалық шақтарыңыздың бақытты болуы үшін қажетті шаралардың барлығын жүзеге асыруда. Сіздерге үлкен сенім артамыз. Алға қойған мақсаттырыңыз орындалып, оқуда, өмірде үлкен жетістікке жетіңіздер,- деп тілегін жеткізді.
«Бар мейіріміміз - балаларға!» атауымен өткен шара барысында 50 балаға мерекелік дастархан жайылып, 6-13 жас аралығындағы 100 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек балаға демеушілердің көмегімен оқу құралдары мен ойыншықтар үлестірілді. Балалар да өнерлерін көрсетіп, концерттік нөмірлерін ұсынды. Жиын соңы мерекелік шарларды аспанға ұшырумен аяқталды.
Айта өтсек, қалада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 765 бала қамқоршылық пен қорғаншылықта, 17 бала патронаттық тәрбиеде. Әр балаға мемлекет ай сайын жәрдемақы төлейді және мектепте оқитын оқушыларға да түрлі материалдық көмек көрсетілу үстінде. «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019-2020 жылдары 142 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй берілді. Биыл 90 бала үймен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.