Цитадельде екі туристік бағыт жұмыс істейді
Ашық аспан астындағы қазақ ауылы Шымкент қаласында бұрын-соңды болмаған. Ал, онда келушілерге алтыбақаннан бастап, қаз-қатар тігілген киіз-үйлер ұсынылыпты. Бірінде шеберлер домбыра құраса, келесісінде ұлттық киімдер тігілуде. Осылайша әр киіз үйде қала тұрғындарына шеберлік сабағы өткізілмек.
Алып кешенде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады. "Этноауылды қала тұрғындары ерте көктемнен күзге дейін, дүйсенбі мен жексенбі аралығында келіп, тамашалай алады", - дейді қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Бейбітжан Мүслимов.
Этно ауылда бұдан бөлек жәрмеңке де ұйымдастырылады. Туристерді тартуға арналған орталықтың ерекшелігі мұнымен бітпейді. Сондай-ақ театр шатыры мен ашық аспан астындағы сахна да құрылған. Салт дәстүр орталығының басшысы енді мұнда фотосессия жасап, той ұйымдастыруға да мүмкіндік берілетінін айтады.
Сонымен қатар, Туристік ақпараттық орталығының тағы бір киоскі ашылды. Және де бүгін орталыққа "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" директоры Сәкен Майғазиве келіп, ақпарат алды.