Қала әкімі дәрі-дәрмек шығаратын нысандарды аралады
Үшінші мегаполис мэрі Мұрат Әйтенов қала тынысын қолға алу үшін күн сайын индустриялық-инновациялық нысандарды аралап, ондағы хал-жағдайдың жай жапсарын халыққа баяндауда. Ендігі кезекте ол бірқатар көтерме сауда қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын мекемелерді аралады. Тексеру кезінде «НПО ЗЕРДЕ» ЖШС, «АҚ НИЕТ» ЖШС, «Аптека №5», «ATAMIRAS.S» ЖШС көтерме қоймаларына барған әкім жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және жинақтау бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді.
Өткен жылы коронавируспен күреске қолданылатын дәрілерге мемлекеттік бюджеттен 180 млн теңге бөлінді. Биыл тағы 659 млн теңге көлемінде тұрақтандыру қорына қаржы бөлінбек. Бұл қаржының барлығын игеріп, тиісті қажеттілікке жұмсау қала әкімінің тікелей бақылауында. Осы жұмыстар нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасы 15-30 пайыз төмендеген болатын.
Бүгінгі таңда Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәріханалар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік заттар бар. Оның ішінде ыстық түсіретін, антибиотиктер, глюканаттар секілді вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек түрі кездеседі. Бағалары 25 теңгеден басталады.
Медициналық ұйымдарда 900 млн теңгеге дәрі-дәрмек қоры, 46 941 ЖҚҚ жиынтықтары, екі миллион медициналық бетперде, 1 014 600 медициналық қолғап дайындалды.