«Shymkent INVEST» – кәсіпкерлердің өтінішін жерде қалдырмайды
«Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисте инвесторларға үлкен қолдау бар. Фронт-офис жетекшісі Саят Нұркенұлының мәліметінше, былтыр 1 пайыздық несиені 29 азамат алған. Биыл наурыз айында 15 адамға несиелеу жоспарына қатысуға рұқсат берілген. Айта кету керек, несиенің ең жоғары сомасы 10 млн теңгеге дейін ал мерзімі 7 жыл уақытты құрайды.
Фронт-офистің көмегімен несие алған кәсіпкер әйелдің бірі – Мәншүк Оспанбекқызы. Өткен жылдың тамыз айында «Бизнеске арналған үкімет» мекемесіне келіп, құжаттарын өткізеді. Нәтижесінде 1 пайызбен 6 млн теңге несие алған. Ол қаржыға тоқыма және мақта зауыттарынан шикізат сатып алып, одан жұқа, қалың көрпешелерге дайын мақта шығарады. Кәсіпкер келіншек бұл кәсібін әлі де жалғастыруда. Осы бизнесінің көмегімен ол өзімен қатар қосымша 4 отбасыны жұмыспен қамтып отыр.
– Мекемеге көмек пен кеңес сұрап келген кез келген азаматтың өтінішін аяқсыз қалдырмаймыз. Қолдан келгенше орындауға, көмегімізді аямауға тырысамыз. Мәселен, фронт-офиске бір азамат қаржылау қолдау көрсетсеңіздер деген өтінішпен келеді. «Қолыңыздан не келеді» деген сауалымызға «Менде арнайы қондырғы бар, соның көмегімен сымды қоршау тоқимын» деді. Біз оған «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 пайыз жеңілдікпен несие алуды ұсындық. Ол «Менің несие төлеуге шамам келмейді» деген уәж айтты. «Онда кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұйымдастыратын грант конкурсына қатысуға ұсыныс жасадық. Бұл жерде кәсіппен айналыссам деген әр жанға қолдау, сүйемелдеу бар екенін жеткізгіміз келеді. Өйткені шағын және орта кәсіпкерлік экономиканы алға сүйреуші күш болғандықтан, оны дамытуға барынша көңіл бөлу мемлекеттің басты міндеті саналады, – деді Саят Нүркенұлы.