Наурыз ашық аспан астында онлайн тойланады
Бүгінде коронавирус пандемиясының салдары әлі де орын алуда. Карантин талаптары сақталып, адам көп жиналатын орындарға рұқсат жоқ. Наурыз мерекесіне орай эпидемиологиялық ахуалға байланысты Шымкентте мерекені онлайн тойлаудың да сәті түскен. Шымкент қаласының 2200 жылдығын ескере отырып, қаланың көркіне көз тоймас тарихи жерлерін теледидар арқылы насихаттауды қолға алып, ашық аспан астында мерекелік түсірілім жасауда
Наурыз – Шымкенттен басталады! Бұл пікірді тірілту үшін қала әкімдігі мен мәдениет саласының мамандары барынша еңбек етуде. Мәселен, "Жыл басы - әз Наурыз" думанды іс-шарасы тек телевизиялық нұсқада ұсынылады. Ал уақыты қосымша міндетті түрде хабарланатын болады.
21-нен 22-не қараған түні "Наурыз белгісі" саналатын Қыдыр баба, Жер ана секілді кейіпкерлер Жаңа жылды, яғни жаңа күннің шығуын қарсы алады. Мерекелік қойылым, ән-би барлығы арнайы түсіріліп, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында теледидардан көрсетіледі.
«Жыл басы-Әз Наурыз» мерекесінің арнайы түсіріліміне дайындық жұмыстары Ескі қалашық (Цитадель) жанында бой көтеріп келе жатқан «Шымқала- этно ауыл» атты жаңа құрылыс аумағында атқарылуда. Жаңа нысан құрылысы аяқталғаннан кейін ел игіліне беріледі.