Сапасы жоғары, бағасы қолайлы отандық өнім
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 366,9 млрд. теңгеге 5 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары мен 45 жоба іске асырылуда.
2020 жылы 37,7 млрд. теңгеге 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құрумен 22 жоба іске қосылды. Олардың арасында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Далсан» ЖШС-де шығарылып жатқан отандық өнім қолданысқа енеді.
Өткен жылдың қыркүйек айында тұсауын кесіп, ашылғанына 6 ай болған өндіріс ошағында бүгінде айына үш түрлі – 15 даналықтан 850 мың, 70 және 120 даналықтан 9 мың майлық шығарылуда.
«DALSAN» ЖШС өнімдері өндірістің барлық сатыларында сапаны тұрақты бақылай отырып, мемлекетаралық стандарттың барлық талаптарын сақтап, қазіргі заманғы еуропалық жабдықта түрік технологиясы бойынша өндіріледі. Сондай-ақ, бактерияға қарсы әсері бар жұмсақ матадан жасалады. Өнімдер корпоративті клиенттер нарығында, дәріханаларда, клиникаларда және дүкендерде сатуға арналған. Жобаны іске асыруға жұмсалған инвестицияның жалпы құны 500 мың АҚШ долларын құрайды. Егер қазіргі уақытта кәсіпорында 12 жұмыс орны ашылса, толық жобалық қуаттылыққа шыққан кезде жұмыс орындарының санын 45 адамға дейін арттыру жоспарлануда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 300 мыңға жуық дымқыл майлықтар шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімді ішкі нарықта сатуды жоспарлап отыр. Әзірге Алматы мен Атырауға жіберіп үлгеріпті.
Фабрика директорының айтуынша, өндірісте 5 түрлі шикізат қолданылады. Оның барлығы Түркиядан әкелінген. Өндіріске қажетті құралдар мен құрылғылар да түрік ағайындардыкі. Ылғалды сулықтар – тұтынушылар арасында өте танымал өнім, алайда оның басым бөлігі шетелден әкелінеді.