Айнұр Тұрсынбаеваның қайырымдылық қоры көпбалалы әкеге баспана сыйлады (видео)
"AidynNury" қайырымдылық қоры вагонда тұрып келген көпбалалы әкеге баспана сыйлады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Осы күнге дейін төрт баланы тәрбиелеген әке Шымкент қаласының тұрғыны. Айнұр Тұрсынбаева күллі қазақты қуантқан жаңалығымен Instagram парақшасында бөлісті.
- Санжар мырзаның алтын асықтай ұлдарына, Санжар мырщаның өзіне осы шаңырақ құтты, берекелі болсын. Айдың нұры қорынан, Ғалия ханымның атынан, Мөлдір ханымның атынан бүкіл Айдың нұры қорының атынан баршаңызға тек береке тілейміз! Амандық тілейміз. Осы шаңырақта тек шаттық болсын! Қуаныш болсын, береке боолсын - деген тілекпен Сәкен Майғазиев жаңа баспананың лентасын қиды.
Сонымен қатар, Айнұр Тұрсынбаева баспананы алуға жәрдемдес, тілеулес болған халыққа да алғысын білдірді.
- Ал сүйінші! Вагонда тұрып жатқан Санжар мырзаның жағдайына қатты жанашырлық танытып едіңіздер.. "Айнұр ханым, қашан әпересіз?" деп маған ұрысқандар да болып еді. Міне бүгін ақ түйенің қарны жарылды.. Кең сарайдай ақ үйді сіздердің қолдауларыңызбен алып бердік.. Осы игі шараға көмектесіп, демеушілік жасаған әр оқырманымды Алла тағала барлық қиындықтан құтқарсын.. Қуанышты жағдайдың басы қасында жүрген Сәкен Майғазиев досыма Алла таусылмас ризық берсін. Абыройы арта берсін.. Бұл біздің 45-ші Баспана! 45 отбасы, 300-ге жуық бала жылы үйде томпиып отыр. Аллаға мың да бір шүкір - деді Айнұр Тұрсынбаева.
Санжар есімді азаматтың қуаныштан шыққан көз жасын көрген көпшілік жылы лебіздерін білдіруде.
- "Жандарым сол! Аллаға шүкір жанашыр жандар көп. Қазағымыз жыламасыншы", "Қуанышымызда шек жоқ. Санжар ағамен қосылып босап ағыл тегіл болдық", "Осы шаңырақта өскен балдардың бәрі әлем чемпиондары болсын. Қазақтың абыройын асқақтатсын. Шаңырақтары қуанышқа, бақытқа толы болсын", "Айнұр ханым сізге Алланың нұры жаусын осы от басын көрсеткенде көзіме еріксіз жас келді ақырғы тиыным болған еді соны жіберіп өзіме шүкіршілік айттым Алла маған бәрін берген екен балаларымда үйімде бар шүкір", "Халықтың жағдайын халық түзеп жатыр. Аллаға шүкір қоныс құтты болсын!" - деді желі қолданушылары.