Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нарымбетов космосқа ұшты ма?

Oinet.kz 27-02-2014 920

Кейінгі кездері шымкенттік шенеуніктер туралы ел арасында сыпсың сөз қаулап кетті. Осы жұрт не демей жатыр дейсің. Пәленшенің жылы орнын суытқанынан бір нәрсе суыртпақтағысы келеді. Түгеншенің көрінбей жүргенінен де бір пәле іздегісі келеді. Әлдекімдердің демалысқа шығып кеткенінде бір гәп бар дейді.  Кімнің аузына қақпақ боласың?! Бірақ кімнің өсекші, кімнің «әулие» екенін уақыт шіркін көрсетіп береді ғой.  

750ae6bace5d4f53b94f739f23b96257.jpg

 Осы аптада қоғамдық-саяси ортада өзіндік орны қалыптасқан белгілі азамат, іскерлігі, тапқыр ойлылығы көпшлік ортаға танымал Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетовке қатысты бір «шым-шытырық ақпарат» тарады. «Ойбай, не дейсің, Бахадыр Нарымбетовке  Сочи олимпиадасының жабылуына арнайы шақырту жіберіпті. Басына бақ қонған соң, шұғыл демалыс алып сонда ұшып барып, әлі қайта алмай жатыр екен» дейді бір білгіштер. Енді бір ақпараттарда «Нарымбетовтың денсаулығы сыр беріп, Германияда емделуге жол тартқаны» айтылды. «Астанаға ат ауыстырыпты, енді Шымкентке тек үлкен бастық болып ораламын депті». «Бір ауданның әкімі болу үшін Президент әкімшілігін жағалауға кірісіпті».  Жел сөздердің екпіні бірте-бірте күшейейін деді. «Нарымбетовке финпол  тұзақ қойыпты» дегенді де ел аузынан естідік. Оны айтасыз, қызды-қыздымен «тың идеяны жүзеге асыруға  құмар Нарымбетов турист ретінде космосқа ұшатын болыпты, қазір Байқоңырда жаттығу жасап жүргенін көргендер бар» дегенді күні кеше құлағымыз шалып басымызды шайқадық.  Сенер-сенбесіңді білмейтін қым-қиғаш ақпараттар. Осыдан кейін журналисттік қызығушылығымыз ұстап кетті.  

Әуелі Бахадыр Нарымбетовтың қызметтік телефонына хабарласып көргенбіз. Әкімдіктегілер демалыста жүргенін растап берді. Осыдан кейін ұялы телефонына қоңыраулатып көргенбіз. Өшірулі екен. Байланыс аясынан тыс жүрген болып шықты. Бәлкім базбіреулер айтқандай шетелде жүрген шығар? Әйтеуір, әрі-бері түрткілеп жүріп Б.Нарымбетовты әлеуметтік желі арқылы таптық. Алдыңғы ақпарат расқа шықты. Аман-есен екен. Көңіл-күйі көтеріңкі көрінді.  

«Бәке қайда жүрсіз?» деген сұрақты бірден көлденең тарттық. «Достарыммен теңіз жағалауында демалыстамын. Мемлекеттік қызметте жүріп, демалыстың не екенін ұмыта бастаппыз. Соңғы 4 жылда алғаш рет 10 күндік демалыс алған едім. Анда-санда болса да  осылай шаршағыныңды басып тұрған да да жақсы екен. Алла бұйыртса, 2 наурызда жұмысқа шығамын. Ойда жүрген біраз бастамалар бар еді, соларды жаңа күшпен бастайтын шығармын» деп жазды ол. 

--Мына жақта сізді ел іздеп, сан-саққа жүгіртіп... 

«Ел ерін іздеп жатқан шығар енді» деді әзілге бір табан жақын жүретін азамат. «Демалыстың аты демалыс, ал жұмыстың аты жұмыс. Уақыт бітіп барады. Бірақ бәрібір де туған жердей жер қайда?! Келгеніме көп болмаса да Шымкентті кәдімгідей сағынып қалдым» деді.  

Бұған алып-қосар не бар? «Жақсы азаматтың артынан сөз ереді» деген осындайда айтылған шығар. «Өсекке ілінгенің есепке ілінгенің» деп анау көкем бекер айтпапты.  

...Әй, осы жұрт не демей жатыр?!   

Денис Тен: Алыста жүріп жақындарымды, елімді сағынамын
Маралтай Райымбекұлы: Ғашық қызымның суретін салатынмын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу