Бала терісіне сусабын (шампунь) мен сабын қаншалықты зиян?
Сәбидің терісі өте жұқа әрі нәзік. Жуынуға арналған сусабын, сабын, май құрамындағы қоспаларды нәзік тері бірден қабылдай алмайды. Сондықтан оларды шомылдырғанда тек балаға арналған заттарды ғана пайдалану керек. Олар неліктен зиян және пайдалану ережелері жөнінде аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Нәрестелер терісінің жұқалығы соншалық, косметикалық заттардан тітіркеніп, қышиды. Терісі құрғақ болғандықтан май бездерінің қызметі әлсіз келеді. Қорғаныс қабатының қышқылдығы мүлдем болмағандықтан, зиянды бактерияларды тез қабылдайды.
Балаларды шомылдырғанда да ең бірінші сабын қолданатынымыз белгілі.
Қатты сабын құрамындағы сілтілер жаңа туылған баланың терісін құрғатып, қорғаныс қабатын жұқартады. Осыны ескере отырып балаға сабын таңдағанда өте сақ болған дұрыс. Крем-сабын немесе сұйық сабын сәбиге пайдалы және олардың құрамында түймедақ, сүйелшөп, итошаған тәрізді дәрілік шөптер болғаны дұрыс.
Крем таңдағанда мына талаптарды назарда ұстаңыз
Крем теріні қорғауы керек, тітіркену немесе қабынуды болдырмауы тиіс, теріні ылғалдандырып және нәрлендіріп отырған абзал. Бүгінгі таңда өндірушілер бірнеше қызметті біріктіретін алуан түрлі косметикалар ойлап тауып жатыр. Мәселен, құрамына емдік майлар мен су қосылған крем ылғандырады, нәрлендіреді әрі теріні қорғайды. Жалпы, ылғандандыратын кремді шомылдырған соң, жаз мезгілінде ылғалды көп жоғалтатын уақытта, суықтан қорғау үшін пайдаланады.
Сусабынды бала дүниеге келген соң екі аптадан кейін пайдалана беруге болады.
Алайда ол балаларға арналған сусабын болуы шарт. Өйткені оның қрамы жеңіл, көзді ашытпайды, теріні қорғайды. Бұл сусабынды аптасына 2 рет қана қолданады. Басқа уақытта жай сумен жуса да жетіп жатыр.
Баланың терісіне өсімдік майынан артық май жоқ.
Дегенмен бүгінгі күні дәрілік шөптер мен ағзаға емдік қасиетімен ерекшеленетін түрлі заттар енген әмбебап майлар шықты. Шомылған соң теріні нәрсендіретін, массажға арналған, құлақ пен мұрынды тазалайтын майлар таңдауы көп. Тек құрамын бала терісіне сәйкес дұрыс таңдасаңыз болғаны. Сонымен қатар, балаға қажетті тазалыққа арналған зат құрамында эфир майы, минералды майлар, экзотикалық өсімдіктер мен жемістер болмағаны дұрыс.
Бала киімін жуғанда ұнтақтың құрамына міндетті түрде қараңыз.
Көп жағдайда кір жуатын ұнтақ құрамындағы белсенді химиялық қосындылар ағзаға түсіп, тірі клеткаларды жоюға тырысады. Сонымен қатар, иммундық жүйе қызметін бұзады, аллергияның асқынуына жол береді. Өкпе, бауыр мен жүрекке де зияны зор. Батыс елдерінде осыдан 10 жыл бұрын құрамында фосфаты бар ұнтақтарды пайдалануды тоқтатқан. Сол себептен баланың киімдерін арнайы балаларға арналған сабынмен жуған дұрыс. Себебі оның құрамында зиянды химиялық қосылыстар өте аз.
Дереккөз: islam.kz