Солтүстікте де тіршілік қызғынды
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағытындағы насихаттық семинарын өткізді. Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев биыл Түркістан облысынан 1396 жан солтүстікке өз еркімен қоныс аударғанын мәлімдеді. Нәтижесінде 690 еңбекке қабілетті адамның 423-і жұмыспен қамтылған. Ал, 8 қоныс аударушы өзінің жеке кәсібін өрге домалатып отыр..
Елбасымыздың сындарлы саясатының негізінде қолға алынған игі іс бүгінде жемісін беруде. Өйткені тұрғылықты жерін солтүстікке ауыстырған азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі көмектер қарастырылған. Нақты айтсақ, тұрғын үймен бірге жұмыспен қамтылады. Ал, өз кәсібін ашамын деушілерге бос тұрған ғимараттар пайдалануға беріліп, егін мен мал шаруашылығын өркендетуге жер телімдері ұсынылады. Тіпті, жылдық пәтер ақыға бір мезетте ие болып, үй сатып алуға да мүмкіндіктер қарастырылған.
Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші-қон бөлімінің бас маманы Малика Мақсат ағымдағы жылға сараптама жасап, қоныс аударушылардың нақты санымен бөлісті. Бұл ретте, Бейсенбай Дәулетұлы облысымызда жан басына шаққанда бұл көрсеткіштердің аз екендігін алға тартты. Тиісті мамандарға насихаттық жұмыстарды күшейту керектігін жеткізіп, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.