Түріктер туризмді дамытуды қолға алмақ
-Түркия мен Түркістанды ежелгі тарихи тамырлар мен рухани көзқарастар байланыстырады. Бүгінгі таңда Түркия - Түркістан облысының, жалпы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі. Осыған байланысты мен Түркістанды дамытудағы қазақ-түрік ынтымақтастығының маңыздылығын атап өткім келеді. Біздің қалада халықаралық әуежай мен басқа да маңызды нысандардың құрылысына дәл түрік компаниялары қатысуда», -деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жуырда Ыстамбұл қаласыфнда өткен қазақ-түрік бизнес-форумда. Айта кетері, жиынға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай, ұлттық компаниялар, даму қорлары мен сауда палаталарының басшылары, жоғарғы билік өкілдері және екі ел кәсіпкерлері қатысты.
Түркістан қаласында бауырлас мемлекеттің қолдауымен халықаралық әуежайдан бөлек өнеркәсіптік жылыжай салу және дайын металл бұйымдарын шығару мен туризм бағытындағы колледж құру сияқты ірі жобалар қолға алынған. Форум аясында Түркістан облысының әкімі түрік капиталының қатысуымен Шығыс базары, сауда орталығы мен қонақ үйлердің құрылысы, төмен вольтты кабельдер шығару бойынша 3 меморандумға қол қойды. Sembol Construction, Ta Group және KastroKablo компанияларымен қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы 200 миллион АҚШ долларын құрайды.
Сондай-ақ форумда G2B форматында түрік бизнесінің 30-дан астам кәсіпкерлерінің қатысуымен іскерлік кездесулер өтті. Түрік инвесторлары Түркістан облысының туристік және өнеркәсіптік салаларына инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Ынтымақтастықты күшейту және әрі қарай жалғастыру мақсатында түрік компанияларының Түркістан облысына сапары күтілуде. Түрік компанияларының Қазақстандағы инвестициялық жобаларға деген қызығушылығының өсіп келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда түрік инвесторларының қатысуымен жалпы құны 2,9 млрд долларды құрайтын 18 жоба іске қосылған.