Қоғам қайраткері жастармен пікірлесті
Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы сарыағаштық жастармен кездесті. Аудан әкімдігінің қолдауымен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен кездесу «Жастар жылына» орай ұйымдасытрылды. Аудандық мәдениет үйінде бас қосқан жастар «БОЛАШАҚ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Кездесудегі мақсат қазақ баласының бойына тән тектілікті, ана тілге деген адалдықты бойтұмар еткен тіл жанашыры, жастарға отбасы құндылығы, салт-дәстүр сабақтастығы, тарих тағлымы, ұрпақ тәрбиесі хақында жастарға түсіндіру болды. Мұндай бақытың екінің біріне бұйыра бермейтіні белгілі. Бар жан-тәнімен жастарға отбасының аман сақтап қалу керектігін және бүгінгі қоғамда әлеуметтік желінің тым ашықтығын тілге тиек етіп, жастар арасында ажырасудың да жиі орын алып жатқандығын да айтты. Өмірлік тәжірибелерімен бөліскен тіл жанашыры бойыңды тулататын әсерлі әңгімелерімен жастардың жанарын жаулап, тілегін білдірді. Ол кісінің тура «Жастар жылында» жастармен кездескенін жақсылыққа балап отырмыз. Кездесуге қатысқандар алған әсерлерімен бөлісіп, алғыстарын айтты.
Бүгінгі кездесуге ауданның түрлі саладағы белсенді жастары, өзге ұлт өкілдерінің жастары, студенттер және жоғары сынып оқушылары қатысты.