Мақтааралдықтар дүниежүзілік экологиялық акцияға ат салысты
«Біз таза елді қолдаймыз» экологиялық қозғалысы және Бүкілдүниежүзілік «World Cleanup day 2019» акциясы асында Мақтаарал ауданында жаппай сенбілік өтті. Әлемнің 150 елінде өтіп, 380 миллионнан астам адам қатысқан тазалық іс-шарасына мақтааралдықтар да белсене атсалысаты деп мәлімдейді Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Мақтаарал ауданы – елімізді көршілес Өзбекстан Республикасымен байланыстыратын негізгі қақпалардың бірі. Мұнда күніне шекара асып, келіп-кететін көрші ел азаматтарының саны басым. Келген қонаққа қазақтың қонақжайлылығы мен пейілін, мәдениетін көрсету үшін бүгінгі дүниежүзілік экологиялық акцияның маңызы зор.
Таң азанымен көшеге шыққан мақтааралдықтар жекеменшік үйлерінің алдын, қора-қопсылары мен көшелердегі арық-атыздарды, суағарларды тазалап, жол бойларындағы шөптерді шапты. Ретсіз өскен ағаштарды бұтап, қурағандарын қазып алды. Сондай-ақ, үлкен жолдардың бойы мен қоғамдық орындарды күл-қоқыстан тазартты.
Акцияға қатысушы белсенді тұрғындар мен әкімдік қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын орталық базар мен автобекет, сауда орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тазалық шарасына жаппай қатысуға үгіттеді. Тәртіп пен мәдениеттің тазалықтан басталатынын айтып, тұрғындарды санитарлық тазалықты қатаң сақтауға, көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.