Махаббат пен уақыт. Тәмсіл
Баяғы өткен заманда жер бетінде бір арал болыпты. Онда адам бойындағы барлық қасиеттер мен сезімдер өмір сүрген екен. Күндердің бір күнінде олар аралдың суға кетіп бара жатқанын байқайды. Барлық қасиеттер өз кемелеріне отырып, басқа жақтарға жүзіп кетіпті. Аралда тек Махаббат қалған екен. Ол бір өзгерістің боларын соңына дейін күтіпті. Бірақ күтетін де түк қалмаған кезде Махаббаттың да аралдан кеткісі келіпті. Осылайша ол Сараңдықты шақырып, кемесіне отырғызуды өтінеді. Сонда Сараңдық:
— Менің кемемде көптеген асыл заттар мен алтын бар. Ал саған мұнда орын жоқ, – депті.
Жанынан жүзіп бара жатқан Қайғыны көріп, одан да соны өтініпті. Ал ол:
— Махаббат, кешір! Қатты көңілсіз болып тұрмын. Жалғыз қалуым керек! – дейді.
Сонда Махаббат Тәкапарлықтың кемесін көріп, одан да көмек сұрайды. Бірақ Тәкапарлық Махаббаттың оның кемесіндегі үйлесімділікті бұзатынын айтып, көмектесуден бас тартыпты. Осы уақытта жандарынан Қуаныштың кемесі жүзіп бара жатады. Махаббат көмек сұрап айғайлағанымен, шат-шадыман болып бара жатқан Қуаныш оны естімепті. Махаббаттың еңсесі түсіп, бәрінен көңілі қалады. Сол кезде алыстан «Махаббат, жүр, сені кемеме мен отырғызамын!» деген дауысты естиді. Бұрылып қараса, бір қария тұр екен. Ол Махаббатты жағаға апарып, өзі қайта жүзіп кетіпті. Ал Махаббат оның есімін сұрауды ұмытып кеткен екен. Сол уақытта:
— Мені құтқарған кім?– деп Білгірліктен жаңағы қарияның кім екенін сұрайды. Ал ол:
— Ол – Уақыт, – дейді.
— Уақыт? – деп қайталап сұраған Махаббат: – Ал ол мені неге құтқарды? – дейді таңдана.
Алыста жүзіп бара жатқан Уақытқа бір, жанында тұрған Махаббатқа бір қараған Білгірлік:
— Өйткені өмірде Махаббаттың қаншалықты маңызды екенін Уақыт қана жақсы біледі, – деп жауап беріпті.
Абай атамыз: «Махаббатсыз дүние бос» деген екен. Махаббаттарыңыз мәңгілік болсын!
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз : anabol.kz