Шардараның тындырымды тірлігіне куә болды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты деп хабарлайды облыс әкімі баспасөз қызметінің мамандары.
Аймақ басшысы алдымен Жаушықұм ауылдық округіндегі бақша өнімдерін өсіретін «Тұрар» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Қожалық өз алқабында алдымен қарбыз егіп, өнімін ертерек жинап алған. Артынша шілде айында қырыққабат пен қызылша, пияз өсірген. 2012 жылы ашылған қожалықтың жалпы аумағы 286,0 гектар жері бар. Күні бүгінге дейін жеке инвестициялық салымдармен қаржыландырылып келген шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта, «Тұрар» шаруа қожалығына 14,3 млрд. теңге қаражат инвестицияланбақ. Осылайша 12500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда Қожалықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да әр ауылда осы екі кезеңді егіс жинауды жаппай қолға алуды тапсырды.
Облыс әкімі бұдан кейін Шардара қаласындағы «Шардара» №18 ГЖС-нан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және «Өтеғұл» ықшамауданында орамішілік орта қысымды газ құбырын салу» жұмыстарымен де танысты. Жоспар бойынша, ауданда 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін 80 мыңға жуық халық саны бар 22 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл тұрғындардың 99,45 пайызын құрайды.
Аймақ басшысы бұдан бөлек «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы көпқабатты үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Өз кезегінде жергілікті халық атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Айта кетейік, 1970 жылы салынған төрт қабатты үйде 40 пәтер бар. Қазіргі таңда 180 тұрғыны бар баспананың күрделі жөндеу жұмыстарын бас мердігері «Монолит Строй XXI» компаниясы жүргізуде. Жобалық құны – 24 756 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары үш ай көлемінде аяқталуы тиіс. Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына ендігі кезекте мемлекеттік кондоминиумдық нысанын тіркеп, құрылыс компанияларымен келісімшартқа отыру керектігін атап өтті. Аталған үйлердің сыртқы келбетін де әрлеуге кірісу керектігін ескертті. Сапар соңында облыс әкімі аудан орталығындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ай-қажы Ақ-Алтын» ЖШС-і мақта өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. 2018 жылы ашылған серіктестік жеке инвестициямен қаржыландырылады. Қаржылық салым құны 896,0 млн. теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 20 мың тонна мақта шикізатын өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда зауытта 125 адам еңбек етіп, олардың орташа айлық жалақылары 70 мың теңгені құрайды. Болашақта кәсіпорынды кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, мақтаны терең өңдеу жұмыстары қолға алынбақ.