Күлтөбеден алтындар табылды
Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ортағасырлық Күлтөбе қалашығында баспасөз конференциясы өтті. Онда археологиялық саябақ құру мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жайы сөз болды.
Күлтөбе - терең зерттеуді қажет ететін тарихқа толы өлке. Биылғы жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған дүниелер қайта қалпына келтіріліп жатыр. Әр кезеңге тән алтындар сақ, ғұн, сармат дәуірінде қандай болғандығын айқын аңғартады. Бастысы мұндағы зерттеліп, зерделенген әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр ғұрпымыздан хабар береді. «Oсы жердегі табылған бұрынғы тұрған халықтардың этникалық тұрғыдан, құрылыстан қарағанда бұл жерде түркілердің болғанын көрсететін артифактілер табылып жатыр,- дейді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.
Сонымен қатар, Ясауидің ілімі тараған мәдени-рухани өлкесінен табылған - араб графикасында жазылған қос кітап. Қазба жұмыстары кезінде үш кезеңнің 6000-нан астам жәдігерлер анықталды. Олардың қатарында алтын, темір және қоладан жасалған бұйымдар, қыш, тандырлы пештері бар тұрмыстық бөлмелер, ыдыс-аяқтар, балалардың ысқырық ойыншықтары, темір теңгелер бар. Табылған монеталардың бірі - VIII ғасырға жатады.
Күлтөбе қалашығындағы жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу институты «ERG Kөmek» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүргізуде. Институт құрамында белгілі археологтар мен ғалымдар, тарихшылар және реставраторлар жұмыс істейді.