Тек адал ас ішкен адам
06-11-2023
Жаныңызға жайлылық сыйлау үшін жылына бір келетін демалысты сарыла күтудің қажеті шамалы. Адамның игілігі үшін жаратылған жер мен көк, ауа мен табиғат – жанға дауа. Жұмыс күніңіз аяқталысымен, жаяулатып үйіңізге бет алсаңыз, осының өзі үлкен демалыс... Ал, демалыстың белсенді түрлері саналып жүрген табиғат аясына шығу, жаяу экскурсиялар, теңізге, көлге бару, қайықпен, су көліктерімен серуенге шығу, аң-құстар мен балық аулау, жүзу, коньки, шаңғы, велосипед тебу, тауға шығу, экзотикалық және тарихи-мәдени орындарға сапар шегу, осылардың қай-қайсысы да өміріңізді басқа арнаға бұруға ықпал етеді.
Қазақстан – жұмақ мекен. Мұнда жылдың төрт мезгіліне де сай келетін демалыс орындары мыңдап саналады. Мұнан бөлек қазір халыққа арналған демалыс орындары көптеп бой көтеруде.
Шетелдерде, мысалы голландықтар алтын уақытын көшеде тіресіп тұратын қоғамдық көліктерде өткізуді әбестік санап, саналы түрде өз велосипедімен жүруге көшкен. Есесіне екі дөңгелекті көлік көрсе жұрт, голлландықтарды есіне алады. Бұл әйгілі Нидерланд корольдігінің мамыражай табиғатының түтінмен, химиялық қалдықтармен былғанбай, одан әрі жайнай түсуіне ықпал етті.
Дұрыс тамақтану мәдениеті
«Ауру астан» деген қанатты сөзді айтып кеткен бабаларымыз ас-ауқатына баса мән бергені белгілі. Бүгінгі күннің ғалымдары артық тамақтанудың пайдасын жоққа шығарып жатқан тұста, ет пен қымыздың калориялық көрсеткіштерінен шошынудың қажеті шамалы. Себебі, қазақ қашан да бұл заттарды тұтынған, оның ағзасы туғанынан-ақ осы төрт түліктің еті мен басқа да ауыр тағамдарды сіңіруге бейімделген. Оны ешкім де жоққа шығара алмас. Тек, оны мөлшермен пайдалана білсеңіз болғаны. Ертеректе бабаларымыз ауыр тамақ ішсе, артынан қымызбен сіңіріп отырған болса, 7-8 ғасырда исламның келуі енді ғана қалыптасып келе жатқан ұлттар мен ұлыстар дәстүріне ерекше үдеріс ала келді. Әрине, ислам мәдениетінде адамзатқа жат не кереғар әсер ететін дүние болған емес. Әсіресе, «асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін суға, үштен бірін бос қой» деген қағидат – қазақ қоғамына да сіңісті болды. Бұл ең алдымен – деннің саулығы үшін маңызды болғандығын бүгінгі батыс ғалымдары енді ғана дәлелдеп отыр. Күнделікті үш мезгіл сыйымды тамақ, көкөніс пен еттің ара салмағының тең болуы, құрамында минералдары мен дәрумендері мол асқа үйірсек болу, сусынды мөлшерден тыс артық қабылдамау, тез әзірленетін тағамдарды: пастфуд, майға піскен бәліштерді, қытырлақтарды, газды сусынды жиі тұтынбау – осының барлығы да сіздің саулығыңызды қамтамасыз ететін факторлар. Санамалап отырған осы нәрселерді өз ұрпағыңыздың да санасына құю азаматтық борышыңыз болып саналады.
Тәтті ұйқы – тән шипасы
Ұйқы – жан мен тәннің барлық тіршілік атаулыдан уақытша енші алуы. Көзін тырнап ашқаннан еңбекке араласатын адамзат үшін оның маңызы өте жоғары сондықтан. Атақты Шопенгауер «Сағат үшін оның серіппесін бұрап жүргізу қандай қажет болса, адамға ұйқы да сондай қажет», дейді. Ояу кезде барынша белсенділік танытатын жүйке жүйесінің жасушалары – егер де дұрыс ұйқы болмаған жағдайда сыр бере бастайды. Сондықтан сіз ұйқының тыныштығын қадағалап отыруды өзіңіздің өмірлік ұстанымыңызға қосқаныңыз абзал.
Жалпы алғанда, адам – өзінің сапалы әрі ұзақ ғұмыр кешіруіне өзі ғана себепші бола алады. Көпшілік құнттай бермейтін осы қағидаттар соншалықты қиын да емес. Сіз онсыз да күнделікті қозғаласыз, тамақ ішесіз, ұйықтайсыз. Ал оларды орнымен, ағзаның әжетіне жарата отырып пайдалану тек еңбекпен, тәртіппен келетін дүние. Олай болса, асыңызды арқауыңызға айналдырып, ұйқыңыздың тыныштығы мен қимыл-қозғалысыңыздың ширақтығын бақылау тек өз қолыңызда .
Дайындаған: Нұргүл Тапаева
Дереккөз : anabol.kz