Мемлекеттен заңсыз жәрдемақы алғандар 3,4 миллион теңгені бюджетке қайтарды
Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасылар ақшаны мемлекетке қайтарып жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«АӘК алатындарға тамыз-қыркүйек айлары толық төленді. Оған кепілдік бере аламын. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар ақшаны мемлекетке қайтарып жатыр. Нақтырақ айтсам, 3,4 миллион теңге кері қайтарылды. Бастапқыда ескерту жасаймыз, адамдарға кірістерін жасырғандықтарын айтып, заңсыз алған ақшаны мемлекетке қайтарып беруі тиістігін түсіндіреміз. Содан кейін санаймыз, сомасын айтамыз. Өз еркімен қайтарғандарға түбіртек беріледі. Егер бұл өз еркімен жасалмаса, онда барлық материалдар сотқа жіберіледі», - деді ол.
Алматыда 11 мыңнан астам отбасыға АӘК тағайындалған. Алайда, қайта тексерудің нәтижесі бойынша 634 жанұяға төлемдер тоқтатылды. Себебі, олардың тұрмыстық жағдайы кедейлік шегінен асып кеткен.
«Сонымен қатар, қалада тұрмайтын балаларды анықтадық. Білім министрлігінің хабарлауынша, олар еліміздің басқа аймақтарында білім алуда. Сондықтан біз Қазақстанның өзге облыстарында білім алатын 597 балаға төлемақыны тоқтаттық. Сондай-ақ, АӘК алатын жеке кәсіпкерлермен де жұмыс жүргізілді. Олардың ішінде 186 жеке кәсіпкердің табысын ескере отырып, АӘК төлеуді тоқтаттық», - деп атап өтті Данияр Әлкебайұлы.