Сіз қай облыстың Құрметті азаматысыз?
Енді осы мәселені айқындап алатын кез келгендей. Расында да енді Оңтүстік Қазақстан облысы жоқ. Ал жоқ облыстың құрметті азаматы болу қаншалықты қисынды? Оңтүстіктің құрметті азаматы атағын алғандар енді Түркістанның құрметтісі атана ала ма, жоқ па? Осы мәселе жуырда облыстық мәслихатта қызу талқыланғанға ұқсайды. Мәслихатта талқылануы да бекер емес. Біріншіден, құрметті азамат атағы мәслихаттың шешімімен берілетіні белгілі. Екіншіден, депутаттар арасында құрметтілердің көп екендігін де жасыруға болмайтын шығар. Жалпы құрметті атақты алғандардың арасында бүгінде кімдер жоқ дейсіз?! Атағынан ат үркетін қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, облысты басқарған азаматтар...
Түркістан облысы мәслихатының аппарат басшысы Керімхан Қадырбековтің айтуынша, облыстық мәслихаттың жақында өткен сессиясында бұрынғы «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын алған азаматтар қазіргі «Түркістан облысының Құрметті азаматы» тұрғыда есептелсін деген шешім қабылданған. Мұндай шешім облыстың құрметті азаматы атағын алушылардың өтініші бойынша шығарылыпты. Олар облыстың атауы өзгерген соң, «Түркістан облысының құрметті азаматы» атанғысы келетінін білдіріпті.
– Енді олар облыстың әкіміне немесе облыстық мәслихаттың хатшысына келіп, өтініш жазып, «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын «Түркістан облысының құрметті азаматы» атағына ауыстыра алады. Куәлік пен төсбелгіні де қайта тапсырады. Жалпы, ол әркімнің еркіндегі шаруа. Бірақ, бір тойда екі жардың болмайтыны сияқты, «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атанғандарға «Түркістан облысының құрметті азаматы» атағы берілмейді,- деді аппарат басшысы. Яғни, Оңтүстіктің құрметтісі атанғандар енді жаңа облыстың құрметтісі атағынан дәмеленбей-ақ қойса болады. Біз осыдан кейін «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын» алған біраз азаматпен хабарласып, «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын алуға қалай қарайтынын сұрап көрген едік. Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, бұрынғы облыстық мәслихаттың хатшысы Шалатай Мырзахметов:
– Әр кезеңнің өзіндік тарихы болады. Мен Оңтүстік Қазақстан облысы болып тұрған кезде жұмыс істедім. Ол атақтың атын ауыстырып алуды құптамаймын. Неге өзімді-өзім кемітуім керек? Бұрын «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» дегенде оған Шымкент қаласы да кіретін. Қазір бөлек болды. Ол-тарих. Ал тарихты кейін қарай бұруға, өзгертуге, қиянат жасауға да болмайды, - деді.
Белгілі сатирик Көпен Әмірбек өз басына атақтың мүлдем керек еместігін айтып отыр.
– Атақты адам болу өте «ұят» нәрсе екен. Көшеде жүргізбейді. Суретке түсуді өтініп, қолтаңба сұрайды. Адам қараптан-қарап қысылады екен. Мұндай халықтың ықыласынан кейін «Осы мен елге не еңбек сіңірдім» деп, өз-өзіңе есеп бересің. Қазір облыстың бұрынғы атауы жоқ болғанмен, Қазақстан мемлекет болып құрылғанда алғашқы болып құрылған облыстардың бірі – Оңтүстік еді. Маған облыс бөлінсе бөліне берсін, әйтеуір, Қазақстанның іші болса болды. Оның үстіне Оңтүстік қағаз жүзінде қаулыда жоқ болғанмен, тарихта, адамдардың жүрегінде сақталған. Сондықтан, атақтың атын ауыстыру ойымда жоқ,-деді ол.
Айта кетері, облыс аумағының кішіреюіне байланысты атақты алатын адамдардың санын азайту жөнінде ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Қазір облыстың Құрметті азаматы атағы жылына 25 адамға беріледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын депутаттар оның санын 10-нан асырмайық деп, тиісті ережеге өзгеріс енгізіп еді. Алайда кейін «лимитті» 25-ке көтеріп алды.
Айтпақшы, Құрметті азамат атағы биыл Тәуелсіздік күніне қарай берілуі мүмкін. «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағы алғаш рет кімдерге берілер екен? Бұл енді уақыттың еншісіндегі дүние.
Рейтинг газеті, 2 мамыр, 2019 ж