​Тоқаевтың тапсырмасы Шымкентте қалай шешімін таппақ?

Oinet.kz 12-09-2019 1681

Screenshot_2.jpg

«Тұранның  тұрғындары құрттаған суды тұтынады». 2016 жылдың ақпанында «Рейтинг» газетінде осындай тақырыппен мақала жарияланған болатын. Содан бері арада үш жарым жыл уақыт өтіпті.  Алдымен еске түсіріп көрелік. Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың  халыққа берген есебінде Тұран шағын ауданының тұрғыны өздері тұратын елді мекеннің ауыр жағдайын айтқан болатын. 

-Тұранда 10 жылдан бері ауыз су, жол, газ жоқ. Ешқандай қаржы бөлінбейді. Халықтың жағдайы өте нашар, жаңбырдың суын ішіп отыр. Жаздың күні құрттаған суды тұтынады. Осыны Президентке жеткізсеңіз,- деген болатын сөз алған тұрғын. Алайда, оның сөзі «Шымкент-Сити» деп аталатын ертегідей әсем қалашықты жоспарлап, соған бюджеттің миллиардттаған теңгелерін бөлдіріп қойған «зың әкімге» ұнай қоймады.  

- Тұран  шағын ауданының егжей-тегжейлі жобалау жоспарына өзгерістер енгізіліп, 450 гектарға «Шымкент-Сити» қалашығын салу көпшілік тарапынан қолдау тапқан. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлермен қатар мешіт, 2000 адамға арналған концерттік зал, спорт кешені, сауда орталықтары салынады. Келешекте Шымкенттің ең көрікті жерлерінің бірі болатын шағын ауданда 60 мың адам тұрады,- деген Әбдірахымов одан әрі тұрғындардың өздерін кінәлай сөйлегені есте қалыпты.  

- Тұран шағынауданындағы үйлер рұқсатсыз салынған. Уақытында Сайрам ауданынан жер алып, өз бетімен баспана тұрғыза берген. Осылай адырдан жер алады да үй салып тастайды. Сөйтеді де әкімдікке «су, жарық, табиғи газ тартып бер, жол салып бер» деп келеді. Ол біздің жоспарымызда жоқ. Жоспар бойынша басқа елді мекенге су, газ құбырларын тартуымыз керек. Бюджет қаржысы шектеулі. Сонда оған ақшаны қайдан табуымыз керек? Бір жылдың ішінде елді мекендердің барлығына газ, су бере алмаймыз. Сөздің ашығын айтуымыз керек, жоспарға сай жұмыс жасаймыз. Сосын бұдан былай рұқсатсыз, жоспарсыз  үй салуға тыйым салынады! Салынбайтын болады! Біз соған жұмыс жасап жатырмыз,- деген еді әкім.  

Міне, содан бері үш жылдан асып, төртінші жылға аяқ басты. «Шымкенситиде» қазір көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғызылып жатқаны рас. Алайда Әбдірахымов айтқан 2000 адамға арналған концерттік зал мен спорт кешенінің, мешіттің салынып жатқанынан хабарымыз жоқ. Ал Тұранда сол баяғыша не ауызсу, не жол, не мектеп жоқ, қоғамдық көлік қатынамайды. Онысы аздай биылдан бастап елді мекенде тағы да проблемалар пайда болған.    

Тұрғындардың айтуынша, Тұранды дамытуға мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін бір тиын да бөлінбеген. Мемлекетке алақан жаймай, өз күнін өзі көріп отырған осындай шағынаудандарға жәрдемдесудің орнына керісінше, олардың өздерін кінәлап сөйлейтін, бюджеттің қаржысын бөлуде шөміштен қағатын Әбдірахымовтың заманы енді бітті. Ерлан Айтхановқа Президент Тоқаевтың тарапынан алдымен шалғай аудандардағы халықтың әлеуметтік мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Бұған Мемлекет басшысының әкімдерге халықтың мұң-мұқтажына назар аударып, оны дер кезінде шешіп отыруды жүктегенін де қосыңыз. Халықтың талап-тілегіне құлақ асатын мемлекет құруды Қасым-Жомарт Тоқаев бір емес осыменен екі-үш қайтара айтты. Алайда Айтаханов Президенттің осы тапсырмаларын қаншалықты орындай алады?  

11144682.jpg

Мұны неге айтып отырмыз? 

Біз тұрандықтардың арыз-шағымына орай Шымкент қалалық энергетитка және коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлерімен байланыспақ болған едік. Алайда оның сәті түспеді. Жалпы мегаполистің коммуналдық саласының соңғы жылдары кәсіби мамандарға жарымай келе жатқаны рас. Былтыр Шымкент республикалық маңызы бар қала атанғаннан кейін жаңадан құрылған энергетика және  коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Нұрлан Аманқұлов деген азамат тағайындалды. Аманқұлов  ұзақ жылдар кеден органдарында қызмет еткен. Соңғы жылдары Қостанай облысында аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарыпты. Өкінішке қарай, кеденшіден коммуналшы шыққан жоқ. Коммуналдық салада бір күн де істемеген азамат бір жылға жетпей мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып кетті. Ал оның орнына Ғабидолла Әбдірахымов  Алтай Әлиді тағайындады.  

Screenshot_6.jpg

Алтай Әли

А.Әли мамандығы бойынша экономист, заңгер. Орыс, түрік, ағылшын тілдерін меңгерген. Еңбек жолында Астана қалалық сотының бас маманы, Премьер-министрдің сыртқы байланыстар басқармасының және хаттама бөлімінің сарапшысы, Премьер-министр Хатшылығының бас сарапшысы, Премьер-министрдің Өңірлік даму бөлімінің бас консультанты, бас инспекторы лауазымдарын атқарған. Бұдан кейін Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары – хатшылық меңгерушісі қызметін атқарып келген. Өкінішке қарай, А.Әли де өзі басқарып отырған салада бір күн де жұмыс істемеген. Бұған дейін кеңседен шығып көрмеген шенеунік.  Мұндай қызметкерде қандай жұмыс тәжірибесі болуы мүмкін? Ал  Шымкенттің коммуналдық саласында шешілмеген проблема көп. А.Әлидің бұл проблемаларды шешуге қаншалықты әлі жетеді?  

Қазір Шымкент ағылшын, түрік тілдерін білетін кадрдан гөрі коммуналдық саланың тілін білетін маманға зәру болып тұр емес пе?   

«Рейтинг» газетінің редакциясына арызданып келген тұрандық оқырманымыз Оразкүл Әуезованың айтуынша, шілдеде елді мекеннің ортасында үлкен тас жолдың құрылысы басталған. Құрылысшылар қазір топырақты тау-тау қылып үйіп, қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Жолдың биіктігі алты метрге дейін жетеді. Осы құрылысты тез арада тоқтату қажет. Өйткені құрылыс жұмыстары осы жоба бойынша жалғаса берсе, күні ертең шағын аудандағы жеке тұрғын үйлерге қауіп төнуі мүмкін. Оның не қауіп екендігіне аздан кейін ораламыз. Алдымен Тұранның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсақ.   

Тұран Алматы тас жолының бойында, Бозарық айналма жолына бір жарым шақырым қашықтықта жатқан елді мекен.  2006 жылы Сайрам ауданы Тассай ауылдық әкімдігі осы жерден тұрғындарға арнап жер берген.  Ешқандай инфрақұрылым тартылмаған жерге алғаш болып Өзбекстаннан көшіп келген оралмандар қоныстанған.  

-Алғаш көшіп келген 13 үй  майшаммен отырды,- дейді Оразкүл Әуезова. Ал оның көршісі Сламбек Жаманқұловтың айтуынша, тұрғындар алдымен ақша жинап, трансформатор, электр бағаналарын орнатқан. Қазір алпыс шақты үй осы трансформатордан жарық алады. Мемлекеттің жарығы әлі келмеген.  Тұранның өзге аймақтарында тұратындардың күні де осындай мемлекеттің, монополистің есебінде жоқ жекеменшік жарыққа қарап отыр. Көпшілігі электр қуатына  28-30 теңгеден төлейді (мемлекет бекіткен тариф 14 теңге).  

Screenshot_3.jpg

Арызданушы С.Жаманқұлов

2018 жылы халыққа берген есебінде Ғабидолла Әбдірахымов биыл Тұранға ауызсу келеді дегенді айтып еді. Алайда ол өтірік болып шықты. Шағын аудандағы жеке үйлерге былтыр да биыл да ауызсу тартылмаған. Халық суды сатып ішеді. Әр су тасушы көліктегі судың Құны 2,5 мың теңге тұрады. Қолдағы азын аулақ мал да осы сатып алынған суға ортақтасады. Көпқабатты тұрғын үйдегілер ауызсуға айына ары барса мың теңге төлейтін шығар. Ал тұрандықтар жаздың күндері 10 мың теңге дейін шығын шығаруға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, әкімдер халықты ауызсу келеді деп жылда алдайды. Әкімдіктен көңілі әбден қалған жұрт елді мекенге су алып келудің жолын өз беттерінше іздепті. Алматы тас жолының арғы бетінде қаланы сумен қамтамасыз ететін «Су арнасы» кәсіпорнына қарасты нысан орналасқан. Осы жерден елді мекенге су тарту үшін әр үй 15 мың теңгеден  шығарып, жоба жасатқан. С.Жаманқұловтың айтуынша, кейінірек біраз үйлер тағы да қаржы жинап, суды кіргізіп алған. Бірақ елді мекеннің негізгі бөлігінде әлі су жоқ. Әкімдік халықты әлі алдап келе жатыр. Осы жерде «Таза су», «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламаларына  миллиардттап қаржы бөлінгені, сол қаржылардың біразының тиімсіз игерілгені, біразының мүлдем игерілмей қалғаны еске түседі. Бір жерде халық ауызсуды «водовоздан» сатып алып ішеді. Бір жерде жүзеге асыратын жоба болмағандықтан республикалық бюджеттен бөлінген қаржы игерусіз қалады. Міне, сізге парадокс.  

Табиғи газды тұрғындар «ҚазТрансГазбен» ортада делдал болып жүргендерге 340 мың теңгеден беріп кіргізген.  Ал елді мекенге автобус мүлдем қатынамайды. Тұрғындар Бозарықтағы айналма жолға шығады. Екіара бір жарым шақырым. Мектеп болмағандықтан балалар Асардағы білім ұясына қатынап оқиды. Екі ара бірнеше шақырым.  Қалалық әкімдіктен балаларды тасуға автобус бөлінбеген. Оқушылар ата-анасының, ол болмаса көршісінің, танысының көлігімен қатынап, білім алады.  

Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ. Сламбек Жаманқұловтың айтуынша, жаңбыр жауған кезде қырдан аққан су тас жолдың астындағы құбырдан өтіп, ауылға құйылады. Сол себепті  қырдан келген су төменге қарай ағып кетуі үшін  есіктің алдынан арық қазуға мәжбүр болған. Енді биіктігі алты метрлік тас жол суды бөгеп, ешқайда жібермейді. Жаңбыр жауған кезде көлкіген су тұрғын үйлерге кіріп кетуі әбден мүмкін.  Тас жолдың құрылысын жобалаушылардың қателігі –осы жәйтті алдын ала ескермеген. Егер жолдың астына су ағатын құбыр тастаса, мәселе шешілер еді. Алайда құрылысшылар жобадан ауытқуға болмайтынын айтып отырған көрінеді. Сол шілдеден бері тұрғындар шырылдап, қалалық әкімдікке бірнеше рет барған. Бірақ нәтиже жоқ.   

Screenshot_5.jpg

Арызданушы О.Әуезова

- Айтахановтың қабылдауына кіру үшін әкімдікке бардым. Ондағылар «бұл мәселемен біз айналыспаймыз» деп, коммуналдық шаруашылық басқармасына жіберді. Ал ондағылар жолдың астына құбыр қалдыру жобада қарастырылмағанын айтып шарасыздық танытты. Енді жаңбыр жауса, көлкіген судың астында қалатын түріміз бар, - дейді Оразкүл Әуезова.  

Тұрандықтарды мазалайтын тағы бір мәселе - елді мекеннің қасына салынған бетон зауыты. Ол әлдебір түрік компаниясына қарасты көрінеді.  -Зауыт күндіз-түні істейді. Түн ішінде қатты тақылдаған дауыстан ұйықтау мүмкін емес. Зауыттың айналасындағы цемент қалдықтары жел тұрса, ауыл ішін шаң-тозаңға айналдырады. Тұрғындар әр жаққа арызданып, осы зауытты салудың қаншалықты заңды екенін анықтап жүр. Негізі мұндай кәсіпорын елді мекендерден 1 шақырым қашықтықта орналасуы тиіс. Қалай салынып кеткені біз үшін жұмбақ,- дейді Сламбек Жаманқұлов.  

Screenshot_4.jpg

Расында да шаң-тозаң шығаратын және айналасындағы халықтың тынышын алатын кәсіпорынды елді мекеннің ішінен салуға рұқсатты берген кім? Әлде Шымкент қалалық әкімдігі Тұран шағын ауданындағы халықты әлдеқашан есептен шығарып тастаған ба?  

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ, 

"Рейтинг" газеті, 12 қыркүйек, 2019 ж

Ертісбаев: «Назарбаевтан соң қиын кезең келеді»
Түркістан қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу