Ертісбаев: «Назарбаевтан соң қиын кезең келеді»

Oinet.kz 12-09-2019 1168

Screenshot_5.jpg

Көп жылдар елші болып қызмет атқарған, бүгіндері елге оралған саясаткер Ермұхамет Ертісбаев Назарбаевтың Президенттіктен кетуі туралы шешіміне, алдағы Мәжіліс сайлауына қатысты пікір білдірді

"Назарбаев құрған стратегиялық бағытты нығайтып, соны сақтағанда ғана алға жылжимыз. Қазір көріп отырмын, билікті, Елбасыны қатты сынап-мінеп, тіпті ашықтан ашық жала жауып та жатқанын, негізінен Интернетте. Дүниежүзі тарихында үнемі үлкен саясаткер немесе мемлекет қайраткері саясаттан кеткен кезде осылай болады, әр бұрыштан, тесіктен атып шығады жарыса осындай сынағыш, ақылгөйлер. Бірақ бәрін уақыт реттейді, уақыт өте келе анық-қанық анықталады.

Мен көлемі Түркістан облысындағы Түлкібас ауданынан екі есе кішкентай болатын Грузияда бес жыл болдым. Азаматтық соғысты, Абхазиядан босқан 100 мыңдаған адамды, Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасын үзген елді өз көзіммен көрдім. Украина Қырымды жоғалтты, Донбаста соғыс болып жатыр. Молдова жерінің бір бөлігінен айырылды, үнемі тұрақсыздық. Әзірбайжан территориясының 30 процентін жоғалтып алды, Таулы Қарабах үшін үнемі қырғи-қабақ болуда, Армениямен дипломатиялық қарым-қатынасы әлдеқашан үзілген.

Қырғыз елі екі президентін қырғын жасап, қуып жіберді. Қазір біреуі түрмеде отыр. Миллиондаған тәжік пен өзбектер өз отбасын асырау үшін Ресейде тентіреп, жұмыс істеп жүр. Ресейдің де жағдайы мәз емес, Батыспен жаға ұстасамын деп санкциядан көз ашпай жатыр. Түркіменстан туралы айтпай-ақ қояйын, жақында ғана болдым онда, қиын жағдайлары.

Мұның бәрін не үшін айтып жатырмын, қалайша ағаштың артында тұрған жайқалған ну орманды көрмейсіздер? Көрмейсіздер ме, қандай мықты және территориясы бүтін, бәле-жаладан аулақ, онда да көлемі әлемде 9-шы орынды алатын үлкен мемлекетті Назарбаевтың құрғанын?!. Қайда бармасаңыз да барлық жерде саясаткерлер, шенеуніктер, сарапшылар, тіпті қарапайым адамдар болсын, бәрі Назарбаевты мақтап, оны құрмет тұтады.

Саясатта жүрген соң менің бұл пікірім объективті емес деп санайтындар болуы мүмкін. Онда атақты эстон саясаттанушысы Аарне Веедланың мына бір сөзін келтіре кетейін: "Назарбаев – данышпан адам. 1989 жылы қазақтар небәрі 39 пайыз болған кездің өзінде ол қуатты әрі жемісті мемлекет құрды. Қазір қазақтардың саны 70 пайыздан асады, Ресей, АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ және бүкіл мұсылман әлемі онымен санасып, құрмет тұтады", - дейді ол. Көрдіңіз бе, сырт көзге бәрі жақсы көрініп тұрады, сондықтан оның бұл пікірімен толықтай келісемін", - дейді саясаткер ҚР Тұңғыш Президентінің өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешіміне қатысты пікірінде.

Сондай-ақ ол қазір электоральды төңкеріс заманы басталып кеткенін, енді билікке халықпен санасып жұмыс істемесе қиын болатынын қадап айтты.

"Қазақстан Ресейдегі секілді электоральды төңкеріс заманына енуде. Украина, Грузия, Армения бізден бұрын кіріп кеткен бұл процеске. Электоральды төңкеріс дегеніміз көптеген адам сайлауға қатысып қана қоймай, бүкіл сайлау процесін, әсіресе дауыстарды санауды өз бақылаына алуға тырысуы. Қазір халық биліктің көзі неде екенін түсініп алды. Сондықтан оны шынымен қалыптастырып, басқарғысы келеді.

Әрине, сол себепті ендігі алдағы парламент және жергілікті билік органдарындағы сайлауды қиын сынақтар күтіп тұр. Содан да Елбасы "Нұр Отан" партиясының соңғы саяси кеңесінде үстелді тоқпақтағаны. Өйткені ол кісі біліп отыр, билік партиясын мүмкіндігінше тезірек сапалы жаңа деңгейге көтермесе, халыққа жақындатпаса болмайтынын. Бұрын биліктегі партия мен оппозиция "өз алдына" бөлек болған, ал қазір саясатқа бүкіл қоғам тартылып жатыр. Тәуелсіз бақылаушылардың бір институтының өзі неге тұрады?! Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан қазір саясатқа қатты кірігіп жатыр және бұл шындап қолға алынған нәрсе әрі ол ұзаққа созылады, - дейді ол.

Таяуда елге оралған саясаткер енді қандай қызметке тағайындалатынын айтпаса да саясаттан жырақтамайтынын меңзеп қалды.

- Назарбаевтан кейінгі кезең өте қиын болатынын білгенмін әрі ол туралы ойымды үнемі айтып жүретінмін. Соңғы бес айда бұған өзімнің де көзім жетті. Сондықтан да Назарбаев Президенттіктен кету туралы шешім қабылдағанда елге оралу керек деп шештім. Қазір менің жасым 63-те. Зейнет жасына жеттім. Бірақ менің өмірім саясаттан өрілген. Онсыз мен өмірімді елестете алмаймын, - деді ол.


Алия Шалхарова Шөкеевтің кеңесшісі қызметіне тағайындалды
​Тоқаевтың тапсырмасы Шымкентте қалай шешімін таппақ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу