15 сәуірден бастап мобильді аударымдар тексеріледі
15 сәуірден бастап салық органдары қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді талдауға кіріседі, деп жазады Оinet.kz.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бері Мемлекеттік кірістер комитеті банктерден тиісті деректерді жинап келеді. Бірінші тоқсан аяқталған соң, енді бұл ақпарат тексеріле бастайды. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, банктер салық органдарына тек кәсіпкерлік қызметке қатысы болуы мүмкін күмәнді операциялар туралы мәлімет береді.
Салық қызметі осындай аударымдарды зерделеп, қажет болған жағдайда азаматтарға түсіндіру немесе есеп беру туралы хабарлама жібереді.
Критерийлерге сәйкес, егер адам ай сайын 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ақша алып, бұл жағдай үш ай қатарынан қайталанса, әрі жалпы сома 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен (2026 жылы шамамен 1,1 млн теңге) асса, мұндай операциялар назарға ілігеді.
Ал күнделікті тұрмыстық аударымдар – мысалы, кофе үшін төлем, сыйлық немесе мерекеге ақша жинау – тексеріске жатпайды.
Қаржы министрлігі тек бір ғана белгі емес, бірнеше күмәнді фактор қатар анықталған жағдайда ғана тексеру жүргізілетінін атап өтті.


