Сіз кімсіз, Данияр Мейірхан?

Соңғы уақытта құзырлы органдарда жұмыс істейтін лауазым иелерінің ұсталуы, қамалуы, сотталуы немесе қызметтен шеттетілуі қалыпты жағдайға айналып келеді. Бұл не? Полицияны қолы таза емес қызметкерлерден тазалау ма, әлде кезекті науқан ба?
Өткен аптада атышулы полицей, ұзақ жылдары Оңтүстік полициясында қызмет еткен Данияр Мейірхан Ішкі істер министрлігіне қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы лауазымынан шеттетілді. Иә, әңгіме кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік тергеу басқармасының басшысы қызметін атқарған генерал Мейірхан Жаманбаевтың ұлы Данияр Мейірхан туралы болып отыр. Ол жөнінде уақтысында «Рейтинг» газетінде біз бірнеше материал жариялағанбыз. «Суперполицей» туралы тағы да сөз қозғауға тура келіп отыр.
Генералдың ұлына бұл жолы ауырлау айыптаулар тағылып отыр. Жоқ, ол жай ғана қызметтен шеттету емес сияқты. Данияр Мейірхан бұл жолы да құтыла ма, әлде тұтыла ма? Әзірге мұны кесіп айту қиын.
Данияр Мейірханның үстінен қарамағындағы 20 қызметкердің ұжымдық шағым жазғанын өткен аптада блогер Дастан Қабылбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, полковникке қатысты «қызмет бабын теріс пайдаланды» және «қарамағындағы қызметкеріне тиісті» деген фактілер бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Тіпті әңгіме барысында блогер «13 тонна кокаин қайда?» деген сауалды да көлденеңдетеді. Бұл неғылған кокаин екендігі басы ашық күйінде қалды.
Артынша Данияр Мейірханның қызметтен шеттетілгенін Ішкі істер министрлігі растады. Оған қатысты тексеру басталғанын министрдің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
«Өздеріңіз білетіндей, әрбір өтініш жан-жақты зерттеледі. Қызметкерлердің Данияр Мейірханға қатысты өтініші бойынша толық әрі объективті тексеру жүргізіледі», – деді ол. Журналистер тексерудің сипатын, дәлірегі қызметтік пе, әлде сотқа дейінгі екендігін нақтылап беруді сұранды. Әділов сотқа дейінгі процессуалдық тексеру екенін айтты. Яғни, бұл Данияр Мейірханның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растайды. Белгілі журналист Михаил Козачков полковниктің үстінен жазылған арыздардың ішінде бірнеше фактілердің барын мәлім етті. Мәселен, бір арыз қарамағындағы қызметкерлерінің Данияр Мейірханға арнап іPhone телефонын сатып алуға қатысты болуы мүмкін екен. Енді бір арызды оның қарамағындағы істеген бір азаматша жазған көрінеді («тиісті» деген факті бойынша). Әрине, бұл деректердің анық-қанығын тергеу амалдары анықтайды. Әзірге полковниктің қамауға алынғаны туралы ақпарат жоқ. Жайшылықта әлеуметтік желіде өте белсенді Данияр Мейірхан өзі де бұған қатысты ешқандай пікір білдірмей отыр.
Данияр Мейірхан 2012 жылдан 2022 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы (Түркістан облысы) полиция департаментінде бөлім бастығынан бастап басқарма бастығына дейінгі түрлі басшылық қызметтер атқарған. Бір қызығы, Данияр Мейірхан қайда болса дау-дамай да сол жерден табылатын.
2017 жылы Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы болып жүрген Данияр Мейірхан түнгі рейд барысында бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кеткен көлікті тоқтатып, рульде отырған облыстық прокуратура қызметкері Нұржан Полатовтың мас екенін анықтайды. Бұған қатысты сот процестері өтті. Алғашқы сот прокурорды жақтады. Ақырында Полатов жауапқа тартылып, қызметінен кетті. Данияр Мейірханның өзі көп ұзамай қызмет жаңартып, Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы болды. 2019 жылы ол мектептердің бірінде рейд жүргізіп, дәретхананы бақыламағаны үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімімен дөрекі сөйлеседі, оны бөлімге алып кеткен. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Оған сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те алаңдаушылық білдірген болатын. Осыдан кейін көп ұзамай Данияр Мейірхан Түлкібас аудандық полиция бөлімінің басшысы қызметіне ауыстырылды. Осы қызметінде жүрген кезде генералдың ұлының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Бұл оқиға туралы уақытында «Рейтинг» газетінде біршама тереңдетіп жазғанбыз. Сол кезде белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Д.Мейірхан автосалоннан көлік алады. Артынша салон иесі оның үстінен шағым түсірген. Қылмыстық іс бастапқыда «өз бетінше билік ету» бабы бойынша қозғалып, кейін «алаяқтық» бабына ауыстырылған. Дегенмен, келтірілген шығын өтелгеннен кейін іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды деген мәліметтер бар. Бұл жағдай Данияр Мейірханның қызметте сатылап өсуіне кедергісін тигізген жоқ. 2022 жылы ол Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі болып тағайындалады.
Алайда арада бір жыл өткенде, 2023 жылдың күзінде ол қызметінен босатылды. Шымкент қаласы Полиция департаментінен құрылған арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, Данияр Мейірханға бірқатар айыптаулар тақты. Дәлірегі полковникке қызметтік міндеттерін адал орындамады; құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірді; құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын орындамады; бақылаусыздық салдарынан сыбайлас жемқорлық қылмысқа жол берілді; Әдеп кодексін өрескел бұзды деген айыптаулар айтылды. Алайда Данияр Мейірхан мұнымен келіспей, өзін жұмыстан шығару жөніндегі бұйрықты сот арқылы даулады. 2023 жылдың қарашасында Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты полковниктің талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды.
Сот шешіміне қарағанда, сол 2023 жылдың 6 қыркүйегінде Данияр Мейірхан командирлік ететін патрульдік полктің инспекторын антикор парамен ұстайды. Шымкент қаласының Полиция департаменті ертеңіне патурльдік полктің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүргізуді бастайды. Тексеру неге тағайындалды және ол неге полк басшылығына қатысты жүргізілді? Бұған нендей жағдайлар, фактілер ықпал етті? Бұл жағы жұмбақ?
Бір қызығы, қызметтік тексеріс бар-жоғы бір күн ғана жүргізілген. 8 қыркүйекте оның қорытындысы бойынша департаментте жиын өтеді. Осы жиыннан кейін Данияр Мейірханды жоғарыдағы айыптаулармен қызметтен босатып жіберген. Тексеру қорытындысын тыңдау кезінде полковниктің өзі ешқандай себепсіз және басшыларының ескертуіне құлақ аспастан жиынды тастап кетіп қалған Ол сотта бұйрық шығарылған кезде өзінің денсаулығына байланысты демалыста болғанын да алға тартыпты. Бірақ сот оның уәжін негізсіз деп тапқан. Тағы бір айта кетері, осы кездері полковник әлеуметтік желідегі парақшаларында 2023 жылдың шілдесінде (яғни қарамағындағы инспектордың парамен ұсталуынан екі ай бұрын) Өзіндік қауіпсіздік басқармасына полкте Шымкент қалалық полиция департаментінің басшыларына деп ақша жиналатыны туралы хат жазып бергенін жария еткен. Бұдан Данияр Мейірхан мен Шымкент қаласы Полиция департаменті басшылары арасындағы қарым-қатынастың әу бастан жақсы болмағанын байқауға болады.
Шымкенттен қызметтен босатылған Данияр Мейірхан ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, ІІМ Қостанай академиясында басшылық қызметтер атқарады. 2024 жылы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетіне ауысады. Алғаш төрағаның орынбасары болады. Кейін төраға қызметіне кіріскен. Міне, енді бұл қызметте де дау-дамайға ілігіп, үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр.
Жалпы, Данияр Мейірханның атқарған лауазымды қызметтерінің көпшілігінен дау-дамаймен, қылмыстық іс қозғалумен, арнайы комиссияның шешімімен босатылғанын жоғарыда айттық. Бірақ қандай жағдай болса да бұл оның карьерасына көлеңкесін тигізе алмаған. Керісінше, оның креслосы биіктей берген. Неге? Бұл Данияр Мейірханның мықтылығы ма? Әлде оның әкесінің беделінің ықпалы ма? Әлде ол расында да әділетсіздікпен күресуші «суперполицей» ме? Сіз қалай ойлайсыз?
Не де болса істің ақырын күтіп көрейік. Данияр Мейірханның осы дау-дамайдан кейінгі карьерасы қалай болар екен?
«Рейтинг» газеті, 15 сәуір 2026 жыл.


