Қыз зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының экс-басшысы қызметтік пәтерге таласуда

Oinet.kz 25-02-2026

Қыз зорлағаны үшін 11 жылға сотталған Марат Күштібаев колонияда отырып, Жетісу облысы полиция департаментіне қарсы сотқа жүгінді, деп хабарлайды  Tengrinews.kz порталына сілтеме жасаған  Оinet.kz.

image.png

Әңгіме Талдықорған қаласындағы «Болашақ» ықшам ауданында орналасқан қызметтік пәтер туралы болып отыр. Күштібаевтың отбасы бұл пәтерде 2016 жылдан бері тұрып келеді.

Экс-полицейдің өкілі департаменттің 2023 жылы тапсырылған тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортты қарамауын заңсыз әрекетсіздік деп тануды сұраған. Сонымен қатар оның жұбайы отбасын пәтерден шығару туралы талап қоюға тыйым салуды өтінген.

Іс материалдарына сәйкес, пәтерде сотталған экс-басшының әйелі мен үш баласы тұрады.

2016 жылы жергілікті атқарушы орган Күштібаев пен оның отбасына коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерді «тұрғын үйге мұқтаж» ретінде берген.

2023 жылдың ақпанында пәтер полиция департаментінің балансына өткен. Сол жылдың тамызында Күштібаев қызметтік тұрғын үйді жалға алу туралы шарт жасасып, 25 тамызда жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Алайда құжат екі жылдан астам уақыт қаралмаған.

Күштібаевтың өкілі оның құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет еткенін айтып, теріс себеппен жұмыстан босатылу жекешелендіруден бас тартуға негіз бола алмайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ пәтерге күрделі жөндеу жүргізілгені көрсетілген.

Ал полиция департаменті бұл баспананың қызметтік мәртебесі барын және Күштібаев қазіргі таңда орган қызметкері еместігін алға тартты. Департамент өкілінің пікірінше, мұндай тұрғын үй қызметін жалғастырып жүрген қызметкерлерге берілуі тиіс.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талапты ішінара қанағаттандырды. Сот департаменттің рапортты қарамауын заңсыз деп танып, оны тұрғын үй комиссиясында қарауды міндеттеді.

Алайда сот жекешелендірудің заңдылығына баға беруден бас тартты. Бұл мәселе тұрғын үй комиссиясының шешімінен кейін ғана қаралуы мүмкін екені айтылды.

Пәтерден шығарып жіберуге тыйым салу туралы талап бұған дейін қанағаттандырылмаған. Апелляциялық саты да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, 2023 жылдың қарашасында Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталған. 2024 жылдың сәуірінде сот оны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол мемлекеттік марапаттары мен «полиция полковнигі» атағынан айырылған.

Бұл іске байланысты кейін жәбірленушіні параға сатып алу дерегі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалып, үш адам сотталған. Тергеу барысында Күштібаевтың жұбайы жәбірленушіге айғақтарын өзгерту үшін 40 млн теңге ұсынғаны анықталған.

Қазіргі уақытта аталған істерге қатысты тергеу шаралары жалғасып жатыр.


Рейтинг: Ең қымбат әкім—Дархан Сатыбалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу