Түркістан облысында қытай инвесторы тарихи ескерткіштерді бүлдіруде

Oinet.kz 25-09-2025 79

c6ebde70-4129-4059-92b2-c935821011e2.jpg 

Түркістан облысында  қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының қатысуымен іске асып жатқан мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жоба аясында ондаған тарихи-мәдени ескерткіш жойылып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Archeo-service» ЖШС атқарушы директоры, Түркістан облыстық тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау комиссиясының мүшесі Серік Ақылбектің айтуынша, бұл жағдай аймақ тарихы мен мәдениетін орны толмас шығынға ұшыратқан.

Мемлекеттік тізімге енген және анықталған, яғни тізімдегілермен тең дәрежеде қорғалатын бірқатар нысан заң талаптары сақталмағандықтан зақымданды. Кейбір ескерткіштер толық жойылды, — деді ол.

Археологтың сөзіне сүйенсек, 22–30 қазан аралығында жүргізілген сараптама барысында аймақтан 20 тарихи, мәдени нысан анықталған. Олардың барлығы археологиялық ескерткіштер санатына жатады. Сараптама қорытындысы мақта өндірісі үшін игерілген аумақтарда ескерткіштердің бастапқы қалпы бұзылғанын, кейбірінің жойылу алдында тұрғанын көрсеткен. Толықтай көмілген және жойылған нысандар қатарында төрт көне су арнасы — Ақынжақып, 1-ші, 2-ші және 3-ші Шұбара бар. Тостаған арнасы жартылай бүлінген. Бір қоныс толығымен жойылған. Сондай-ақ Тостаған қорымындағы обалардың жартысына жуығы жоғалып, мемлекеттік тізімге енген Қотан ескерткішінің 12 қорғанының 11-і бүлінген.

Облыс әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Түркістан облысында 2 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, тарихи, археологиялық немесе мәдени құндылығы бар аумақтарда кез келген құрылыс, жер қазу немесе шаруашылық қызметін бастамас бұрын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу және сараптама жүргізу міндетті. Бұл талаптарды әкімдік толықтай түсініп, қатаң сақтап келеді. Қазіргі уақытта археологтардан тек бір ауданға қатысты ресми өтініш түскен. Бұған байланысты әкімдік тиісті уәкілетті органдарға, құқық қорғау органдарына ресми хат жолдады. Сонымен қатар, Мәдениет министрлігінің ресми қорытындысы алынуы тиіс, бұл — заң талабы. Егер көрсетілген аумақтарда тарихи-мәдени мұра объектілерінің бары ғылыми тұрғыда дәлелденсе, онда аталған жерлердегі жұмыс дереу тоқтатылып, нысандар Қазақстан заңнамасына сәйкес қорғауға алынады, — делінген Түркістан облысы әкімдігі ұсынған ақпаратта.

 


Кеше Берденов, бүгін Рабаев. «Respublika» партиясының не көксегені бар?
Мұрат Нұртілеу отставкіге кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу