«Ө.Шөкеевтің қатысы жоқ». Мамандар Шаға жағажайындағы мәселеге түсінік берді

Oinet.kz 29-04-2025 85

292579094_350577137261194_3150089271731831759_n.jpg

Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын Түркістанның іргесінен көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналады, туристерді тартады деген «Шаға» жасанды көлі салтанатты түрде ашылған болатын. Жуырда әлеуметтік желіде жағажайдың қараусыз қалғаны, жуынатын жері, дәретханасының бүлінгені, көшеттердің қурап қалғаны туралы видео таралып, ол көпшілік арасында қызу талқыланды. Біз осыған қатысты материалдарды «Рейтинг» газеті мен «oinet.kz» порталында да жариялаған болатынбыз.  Жуырда редакцияға Түркістан облыстық құрылыс басқармасынан және осы нысандағы жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаған техникалық қадағалаушы мекеменің өкілдері келіп, мәселенің мән-жайына түсінік берді.

Мамандардың айтуынша, келешегінен көп үміт күттірген жағажайдың осындай жағдайға жетуіне мердігелердің де, оның құрылысына тапсырыс беруші Түркістан облыстық құрылыс басқармасының да, сол кездегі облыс басшысы Ө.Шөкеевтің де қатысы жоқ. Нысан бойынша құрылыс жұмыстары толық бітпеген, тек шомылу аймағы (№1 учаскесі) аяқталған. Екіншіден, нысанды пайдаланушы және сенімгерлік басқаруға алған мекемелер өзіне тиісті міндеттерін жеткілікті жағдайда орындамаған. Яғни, бәріне сол мекемелердің жауапсыздығы, өз міндетіне салғырт қарауы себеп болған.

P1256421.JPG

Облыстық құрылыс басқармасының қызметкері,  осы нысанға жауапты жетекші маман Әсет Қадырбектің айтуынша, «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу» немесе «Шаға жасанды көлі» деген атауға ие болған жобаның негізгі мақсаты Түркістан қаласын көктемгі су тасқынынан сақтау, қар мен жаңбырдан жиналған суларды көгалдандыруға қолдану, қаланың микроклиматын жақсарту, сонымен қатар жаз айларында жағажайды шомылу аймағы ретінде қолдану болған.

- 2012 жылы қатты жауын-шашын кезінде Түркістан қаласының бірқатар елді  мекендерін су алып кеткен. Жоба осындай апатты жағдайларды болдырмау үшін қолға алынған және ол өзінің мақсатына жетті деп есептеуге болады. 2023 жылдың ақпан айында Сауран ауданының аумағында су тасқыны кезінде көлдің өзінде жиналған су көлемі   2,5 млн. м3 асты, бұл өз кезегінде жасанды көлдің  су жинау қуаттылығы ең жоғарғы  жобалық деңгейінен асып түседі. Әйтсе де, су тасқыны кезінде «Шаға» көлі еріген суды ұстап тұру бойынша өз функцияларының толық деңгейде орындай отырып, Түркістан қаласын су тасқыны шайып кетуі залалдарынан сақтап қалды. Көлге жиналған сулар одан  ары қарай    Түркістан магистральдық каналына және «Шаға» ағызу каналына жіберіледі. Жаз мезгілінде көл «Кеңсай Қосқорған – 2» су қоймасынан келетін сумен толтырылады,--деді Ә.Қадырбек.

Жалпы жобаның құны 9,3 млрд теңгені құраған. Қаржының басым бөлігі көлді, каналдарды салуға жұмсалған.

2022 жылы жағажайда шомылау маусымын ашу үшін нысанды                   2 учаскеге бөлу туралы шешім қабылданады. №1 учаскедегі жұмыстар толығымен аяқталып, 2022 жылдың 5 маусымында пайдалануға қабылданған.

--2022 жылдың 28 маусымында Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы басшысының бұйрығымен №1 учаске облыстық ауыл шаруашылық басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізілген.  8 шілдеде Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, нысан облыстық туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда пайдаланушы мекемелер («Тұран су», «Open Turkistan») тарапынан нысанды күтіп ұстау жұмыстары дұрыс жүргізілмеуіне және жасанды көлге қажетті сумен қамтамасыз етілмеуіне байланысты жағажай аймағы жарамсыз күйге түскен. Сонымен қатар,  қажетті деңгейде күзетпен қамтамасыз етілмеуі себепті, нысан басында вандализмдік әрекеттердің орын алуы әсерінен ғимараттар бүлінген, кейбір мүліктермен құрал-жабдықтар ұрланып, қолды болып кеткен. Өз кезегінде, объектіге тиесілі ұрланған заттармен жабдықтар бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан қылмыстық істер қозғалған,-дейді «Стройконсалтинг LTD» ЖШС-інің техникалық қадағалаушысы Айдархан Исабаев.

Яғни, мамандардың айтқанынан түсінгеніміз, Туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» өзіне тиесілі міндеттерді орындамаған. Естеріңізде болса, сол  2022 жылдың тамызында облыс әкімі Ө.Шөкеев отставкіге кеткен соң, облыстық туризм басқармасы дербестігінен айырылып, мәдениет басқармасына қосылды. 2024 жылы қайта бөлінді. Осындай алу-қосу жұмыстары туризм саласындағы жұмыстарға салқынын тигізген сияқты. «Байтал түгілі бас қайғы» болып жатқан мекеменің Шаға жағажайын күтіп ұстау, туристерді тарту жұмыстарымен айналысуға құлқы болмағанға ұқсайды

Енді бөлінген қаражат мәселесіне келсек. Мамандардың бізге берген мәліметтеріне қарағанда, 2024 жылдан бастап Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан нысанға бөлінген қаражаттардың жұмсалуын тексеру жұмыстары жүргізілуде.

--№1 учаскеге жалпы көлемі 6,9 млрд теңге қаралып, ол толығымен игерілген. Ал, екінші учаскеге 2,28 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алайда бүгінгі таңда №2 учаске бойынша қаржыландырудың болмауына байланысты, құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бюджеттен қаржысы қарастырылған жағдайда құрылыс жұмыстары жалғасатын болады,-делінген мамандардың бізге берген жауап хатында.

Осы жерде айта кетері, 2023 жылдың күзінде Астанада өткен брифингте сол кездегі облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Шаға» жасанды көліндегі құрылыс жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалғанын айтқан болатын.

Ал, енді құрылыс жұмыстары аяқтала ма, жоқ па? Биыл жазда Шағада шомылу маусымы бола ма, жасанды көлге су толтырыла ма? Нысанды сенімгерлік басқаруға алған «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» өзіне тиесілі міндеттерді неге атқармады?

Бұл сұрақтарға енді жауапты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық туризм басқармасы жауап беруі тиіс деп ойлаймыз. Басшылардан жауап күтеміз.


Түркістан: Аудан әкімдіктерінің рейтингісі жарияланды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу