Түркістан: Аудан әкімдіктерінің рейтингісі жарияланды
Түркістан облысында биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 117,5%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 2-орынға шықты. Мемлекет басшысының экономикалық өсімді 7%-ға жеткізу тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүруде. Үш айдың қорытындысымен тиісті межеге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнім көлемі 353,6 млрд. теңгені құрап, 12,4%-ға артты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақтың экономикасын көтеру мәселесі және әкімдер мен басқарма басшыларын бағалау жүйесі, сонымен қатар бюджеттің игерілу барысы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға жұмыс қарқынын түсірмеуді тапсырды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан қала әкімдері мен басқамалардың қызметінің тиімділігін бағалайтын 89 индикатор (82 индикатор аудан, қала деңгейінде, 7 индикатор облыс деңгейінде қалыптасады) әзірленіп, биылғы 31 наурызда бекітілді. Индикаторлардың маңыздылығына қарай бағалау жүйесінде 9 блок бар. Әр блоктың нәтижесімен қорытынды рейтинг әзірленді. Тоқсан қорытындысымен барлық индикаторлардың нәтижесі бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингісіне сәйкес бірінші үштікке Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласы енді.
Нұралхан Көшеров рейтинг бойынша төменгі орында тұрған аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Аудан және басқарма басшыларын бағалау жұмыстары жалғасады.