Нұралхан Көшеров футбол клубтарының жұмысына сын айтты
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі футболдың дамына қатысты сын айтты.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында футболды дамыту жолдарын жан-жақты қарастыру бойынша тапсырмалар берді. Кәсіби клубтарды жеке меншікке өткізу керектігін айтты. Бүгінгі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстарды көріп отырған жоқпын. Нақты қай аудан, қалада футболға лайықталған спорт нысандары жеткілікті, қай жерде жеткіліксіз екені туралы зерделеу жүргізілуі тиіс. Кәсіби футбол клубтарына бөлінген қаржы, олардың көрсеткіштері саралансын. Өңіріміздегі клубтар өз деңгейінде өнер көрсетіп жатқан жоқ. Футбол клубтарына бөлінген қаржы ақталды дей алмаймыз. Футболды дамытудың, осы саланы жүйелеудің жоспарын әзірлеңіздер, – деді Нұралхан Көшеров әкімдікте өткен жиында.
Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, Түркістан облысы аумағында футбол спортының дамуы бойынша 3 жылға арналған зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының футболмен шұғылдануына мүмкіндік беретін 1249 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде 21 стадион, 141 жабық манежі, 208 алаң, 879 алаңша бар. Оның 635-і білім беру ұйымдарының меншігінде. 2023 жылмен салыстырғанда 107 нысанға артқан. 2023-2024 жылдары 4,8 млрд. теңгеге 107 футбол нысаны (1 футбол академиясы, 14 футбол манежі, 92 алаңша) салынып, пайдалануға берілді Оның ішінде жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңгеге 46 нысан, жеке инвестиция есебінен 3,4 млрд теңгеге 43 нысан салынған. Биыл 7 футбол манежі мен 51 футбол алаңшасының құрылысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, облыста футбол 88 ұйымда дамытылып, 13 650 бала жаттығып жүр. Аймақта футболды дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірленеді деп жоспарланып отыр.