Ұлағатты ұстазға құрмет
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Үшбұлақ елдімекені Келес өзенінің бойында жатқан, ынтымағы мен береке-бірлігі жарасқан ауыл. Осындай жарасымды тірліктердің бірсыпырасы—ауылда соңғы жылдары Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап аллея салынса, бүгінде саябақтың құрылысы қызу жүріп жатыр. Бәрі де осы ауыл тұрғындарының, түлектерінің ауызбіршілігінің, демеушілігінің, жанашырлығының арқасында іске асып жатқан дүниелер.
Қ.Өмірәлиев атындағы орта мектептегі сынып бөлмелеріне ұлағатты ұстаздардың аттары беріліп, оның есімін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету, дәріптеу үрдісі қалыптасқан. Осы бір жақсы дәстүр жалғасын тауып, жуырда білім ұясында Сапарғали Қыстаубаев атындағы кабинет салтанатты жағдайда ашылды.
«Үздік еңбегі үшін», «Алтынсарин» медальдарының иегері, ұлағатты ұстаз Сапарғали Ілебайұлы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, білім саласының ыстығын да, суығын да көрген, балаға үйретуден, жастарға үлгі-өнеге беруден жалықпаған жан. Шымкент педагогикалық институтының математика факультетін бітірген соң алғашқы ұстаздық жолын туған ауылы Ұшбұлақтағы бастауыш мектептен бастаған. Бұдан кейінгі жылдары аудандағы Жамбыл атындағы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болған. 1988 жылдан Үшбұлақ орта мектебінің директоры қызметін атқарып, 2015 жылы зейнеткерліке шыққан. Яғни, қырық жылдан астам ұстаздық жолының 27 жылын осы білім ұясының басшылығына арнаған.
2015 жылы мектептің екі қабатты жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарда да Сапарғали ағайдың қолтаңбасы, еткен еңбегі орасан. Оның ұйымдастырушылық қабілетінің арасында ауылда мәдениет үйі де бой көтерді. Бүгінде ұлағатты ұстаз құрметті зейнеткерлікте, ауыл жастарына ақылын айтып отырған ақсақал. Жұбайы екеуі тәрбиелеген екі ұлдың үлкені Ерғали --елшілікте, Сейітқали --құзырлы органдарда қызмет етеді.
Кабинеттің ашылуы салтанатына осы мектепте ұстаздық еткен ардагерлер, мектеп ұжымы, шәкірттер, әкімдік қызметкерлері, басқа да қонақтар қатысты. Білім ұясына жиналған кешегі ұстаздар өткен-кеткенді, өмірден өтіп кеткен әріптестерін еске алды. Сапарғали аға білім шаңырағының алғашқы ғимараттарын салу үшін лай илеп, кірпішін тасыған кездерін, сол кездегі мектеп ұжымының өзара сыйластығын, бір-біріне деген құрметін әңгіме етті. Қ.Өмірәлиев мектебінің қазіргі ұжымы аға ұрпақ қалыптастырып кеткен сол ізет-құрметті, береке-бірлікті жалғастырып келеді. Мектеп аудан бойынша білім сапасы жағына алдыңғы орындарды иеленеді. Түлектердің жоғары оқу орындарының грантын ұтып алу жағынан да өзгелерден көш ілгері.
Сапарғали Қыстаубаев атындағы кабинеттің ашылуынан кейін мектеп оқушылары қонақтарға арнап өнерлерін көрсетті.