Тағы бір блогер қамауға алынды
Түркістан қаласының ауданаралық сотында 2022 жылы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен сотты болған А.-ға қатысты ұсыным қаралды.
Түркістан облыстық сотының таратқан ақпаратында сотталғанның блогер болғандығы жазылған. Бірақ оның нақты қандай айып бойынша жазаға тартылғаны келтірілмеген (жоғарыдағы бапқа қарағанда, ол әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру айыбымен сотталған болуы мүмкін).
Мәселен мән-жайына қарағанда, Сауран аудандық полиция бөлімі А.-ға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған. Сотпен анықталғаны: А. 2024 жылы соттың қаулысы негізінде ҚК-нің 72-бабына сай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген 2 жыл 11 күнін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, Түркістан облысының Полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған. Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, А. 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған. А.-ның кінәсі туыстарының берген түсініктемелерімен, тиісті актілермен және куәлердің жауаптарымен толық дәлелденді. А. өз кінәсін ішінара мойындап, соттан өзіне тағы бір мүмкіндік беруді сұрады. 24 сәуір 2025 жылы сот қаулысымен Түркістан облысының Полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылып. А.-тің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды. А. сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Кейбір ақпараттарға қарағанда, сотталған азамат белгілі блогер Мұрат Әбділда.