Берденовты 3,4 млрд теңге үшін атқан болуы мүмкін
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовты 3,4 млрд. теңге үшін атқан болуы мүмкін. Бұл туралы besmedia.kz порталы хабарлады.
Ақпарат агенттігі бұл мәліметті Шымкент қаласы әкімдігі мен Республика партиясы өкілдерінен алғанын жазған. Оған қарағанда, аталған қаражат күдікті Ернар жетекшілік еткен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-іне тендерсіз берілген. Қалалық құрылыс басқармасына қарайтын серіктестік ақшаға тұрғын үйлерді жөндеуден өткізуге тиіс болған көрінеді. 10 күн бұрын Берденовтың төрағалығымен жиын өткен. Күдікті осы жиналыстан агрессивті мінез көрсеткені үшін шығып кеткенге ұқсайды.
Айта кетері, 21 сәуірде түнгі сағат сегіз жарымдардың шамасында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке мылтықпен үш мәрте оқ атылды. Ауыр жарақат алған оған ота жасалды. Дәрігерлер қазір оның жағдайының тұрақталғандығын хабарлады. Күдікті оқиға орнында ұсталып, қазіргі уақытта тергеу абақтасында қамауда отыр.