Сәрсен Құранбек: «Ресми өкіл мәселесі – қала әкімінің шешімі»
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкентке ресми өкіл болып бекітілген болатын, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұдан кейін қала әкімдігінде апта сайын бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен брифинг өткізіліп, мегаполистің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланбақ. Ал, 2 сағатқа созылған баспасөз конференциясының алғашқысы бүгін өтті. 50-ге жуық журналист келген сол брифингте қозғалған бірнеше мәселелерге тоқталып өтсек:
Көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем жасалады
Алдымен мерекелер маусымына тоқталсақ. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Шымкентте қала тұрғындарына арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламалар мен әйелдерге құрмет көрсету шаралары барысында, көпбалалы аналар мен әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж азаматтарға бір реттік әлеуметтік төлемдер берілмек.
– Алда әйелдер мерекесі келе жатыр. Соған орай біз қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының қатысуымен арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырғалы отырмыз. «Арулар – асыл жандар» деген атаумен Tulip Hall кешенінде сағат 16:00-де өтетін болады. Бәріңізді сол концертке шақырамыз. Ол жерде біздің «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері мен бишілері, күйшілері өнер көрсететін болады. Сол арқылы біз қаламыздың аруларына мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келеді. Әрине, бұл мереке концерттік бағдарламадан ғана тұрмайды.
Осы мерекенің аясында қаламыздағы көпбалалы аналарға 1 реттік 5АЕК көлемінде әлеуметтік төлем жасамақпыз, - деді Шымкенттің су жаңа ресми өкілі.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, Шымкентте көпбалалы аналар саны 67 741-ді құрайды, оның ішінде 13 805 әйел «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» марапаттарымен танылған. Сонымен қатар ол ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі 10 күн тойланатынын да айтып өтті.
Былтырғы жыл «Фосфоршылар» сарайын сүріп тастауға кетті
Естеріңізде болса, былтыр басы дау-дамайдан арылмаған, 70-жылдары салынған «Фосфоршылар сарайы» сүрілген болатын.
2019 жылы сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәдениет сарайының күрделі жөндеуден өтіп, оқушылар сарайына айналатынын дүйім жұртың алдында жарияласа, 2021 жылы қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа берген есебінде Фосфоршылар сарайын жастар орталығына айналдыратынын мәлімдеген еді.
Алайда соңында ол сарай мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыппен сотталып кеткен Тоқтар Төлешовтың иелігінен алынып, әкімдіктің балансына берілген болатын. Сәрсен Абайұлы, сол даулы нысанның да жай-күйіне тоқталып өтті:
– Өздеріңіз білесіздер, «Фосфоршылар сарайы» қолдан қолға өтіп, бір кездері жекеменшікке өтіп, нәтижесінде 2023 жылдың соңында Ғабит Әбдімәжитұлы қалаға әкім болып келген кезде, қаланың балансына алынған болатын. Одан бері бірталай уақыт өтті. Сараптама жүргізілді. Жалпы «Фосфоршылар сарайының» техникалық жағынан қауіпті екендігі анықталды. Соған байланысты былтырғы жылымыз сол «Фосфоршылар» сарайын сүріп тастауға кетті. Одан кейін АПЗ (Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру) жасалынды. Қазір эскиздік проектісі аяқталып жатыр.
Айта кететін дүние, елімізге танымал Кеңес Рақышевке қатысты «Сәби» қайырымдылық қоры осы «Фосфоршылар сарайын» қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Мұның барлығы демеушінің есебінен жүзеге асатын жоба болмақшы. Және «Фосфоршылар сарайының» көлемі бұрын 8 мың ш.м. құраған. Ал «Сәби» қайырымдылық қорының бізге салып беретін сарайдың көлемі 5 мың ш.м. көлемінде болмақшы. Себебі, бұрынғы «Фосфоршылар сарайының» құрамдас бөлігінде спорт залдар да болған екен. Біз оның бәрін өңіріміздегі ауа-райының қолайлылығын ескере отырып, сыртқа шығаруды ұйғардық. Айналасында спорттық алаңшалардың барлығы салынатын болады. Сарай көлемі 5 мың ш.м. десек те, сырттағы алаңшаларды қосқанда, бұрынғы «Фосфоршылар сарайының» көлемінен кем болмайтын алаңшалар пайдаланылуға беріледі деп отырмыз, - деді ресми өкіл.
Ал оның айналасындағы қосымша дүңгіршектер, базарлар алынады екен. Себебі, «Фосфоршылар сарайы» біртұтас эскиздік нұсқаға негізделмек.
«Көктем» базары жабылатын болады
Айналасындағы базарлар демекші, Сәрсен Абайұлы сол жерде орналасқан «Көктем» базарының да ендігі тағдырына тоқталды:
– «Көктем» базары ешқандай рұқсатсыз, заңсыз жұмыс істеп жатқан сауда орны екенін анықтадық. «Көктем» базары жабылатын болады, - деді С.Құранбек.
Кеше – Айдын Мейрамбекұлы, бүгін – мен
Сөз соңында айта кетейік, Шымкенттің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы журналистерді толғандырған сұрақтардың бірі, өзіне дейінгі қала өкілі Айдын Кәрімовтің қайда кеткенін айтты.
– Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов Шымкент қаласы әкімінің қаржы, экономика, финанс, жалпы саладағы инвестиция жөнінде орынбасары болып табылады. Ол кісі ешқайда кеткен жоқ. Ол кісі жұмыс істеп жатыр. Және өз жұмысын жоғары деңгейде атқару үстінде. Ресми өкіл мәселесі – қала әкімінің шешімі. Кеше – Айдын Мейрамбекұлы, бүгін – мен. Ертең, біраз уақыт өткен соң басқа орынбасар ресми өкіл бола беруі әбден мүмкін. Немесе орынбасар болмауы да мүмкін. Мұнда тұрған принципті мәселе жоқ қой деп білемін, - деді Сәрсен Абайұлы.
2 сағатқа созылған брифингте мегаполистің бұдан да өзге қордаланған мәселелері талқыланып, Шымкент қаласының ресми өкілі Сәрсен Құранбек пен журналистер арасында ашық сұқбат өрбіді. Қала өкілі бұдан кейін де апта сайын халық пен журналистердің сұрағына ашық жауап беретінін айтты.