Жемқорларды шымкентше жарылқау

Oinet.kz 05-03-2025 103

Screenshot_3.png

Шымкентте осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын, қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бұрынғы келіні, дәлірегі оның немере інісі атышулы Қайрат Сатыбалдының экс-жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қозғалған қылмыстық істің ақыры сиырқұйымшықтанып кетті. Оның үстінен бюджеттің 747 миллион теңгесін талан-таражға салды деген айып бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жетпеді. Заң алдында ешкім жазасын алған жоқ. «Әділетте Қазақстанның», «Жаңа Қазақстаның» Шымкенттегі сиқы, өкінішке қарай,  осылай. Бюджеттің бір тиыны үшін кімнің болса да басын жұлып алуға әзір тұрады, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандармен ымырасыз күреседі деген құзырлы органдардың қауқары осы ғана болып тұр.

 -Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен "Ария-Жаңа Астана" ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр,-деген ақпаратты антикор сол 2022 жылдың наурызында таратқан болатын. Құзырлы орган әзірге бұл істің толық мән-жайы тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейтінін айтудан әріге аспап еді. Содан бергі аралықта үш жылдан астам уақыт өтті. Бұл неғылған бітпейтін тергеу? Өткен аптада Өңірлік коммуникациялық орталығында өткен брифингте біз осы сұрақты қалалық Жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовке қойған болатынбыз (аталған басқарма Сатыбалдыға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп есептеледі). Басқарма басшысы:

--Мердігер мекеме бюджетке келтірген шығынды толық қайтарғандықтан, оған қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданған жоқ,--деп, қысқа ғана жауап берді. Яғни, біздің түсінгеніміз,  ішкен-жегенін орнына қойған Гүлмира Сатыбалды жазадан сытылып кеткен. Бюджеттен ұрлаған ақшасын орнына қойып берсе, оны қылмыстық жазадан құтқарып жіберу қандай заңға, қандай ақылға сияды? Басқалардың жегендерін желкесіне шығаратын антикордың тұңғыш президенттің бұрынғы келініне келгенде мүләйімси қалғанын, кеңпейілдік танытқанын немен байланыстыруға болады? Гүлмира Сатыбалдыны жарылқаған кім?

«Рейтинг» газеті бұған дейін Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі «Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты журналистік зерттеуін жариялаған болатын. Осы зерттеулерге қарағанда, компания Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстарына қатысқан. Дәлірегі «Ария Жаңа Астана» аталған даңғылда жол және жолайырықтар салумен айналысқан. Компания бұл тапсырысты бір көзден ұтып алған. Осы жұмыстарға қаралған қаржының көлемі 10 208 388 710 (он миллиард екі жүз сегіз миллион үш жүз сексен сегіз мың жеті жүз он) теңгені құраған. Мәссаған! Осы жерде айта кетейік, «Ария Жаңа Астана» компаниясы соңғы 3-4 жылдың көлемінде республиканың әр өңірінде жүз миллионнан 1-2 миллиард теңгеге дейінгі соманы құрайтын көптеген мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы болып танылған. Бірақ 10 миллиард теңгеден асатын ірі тапсырысты компания тек Шымкенттен ғана алған. Неге Шымкенттен? 

Бұл сұрақтың жауабын білу үшін алдымен  Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ария  Жаңа Астана» компаниясы арасындағы келісім-шарттың мерзіміне назар аударып көрейік. Келісімге 2018 жылдың қыркүйегінде қол қойылған. Бұл кезде Шымкент қаласының әкімі қызметін Ғабидолла Әбдірахымовтың атқарғаны белгілі.  Ал Әбдірахымов рас-өтірігін кім білсін, Назарбаевтар әулетімен тығыз байланысты болған, солардың қолдауын көрген шенеуніктің бірі ретінде аталады. Одан бөлек бейресми мәліметтерге қарағанда,  Әбдірахымов пен Қайрат Сатыбалдының арасында да жылы қарым-қатынас болғанға ұқсайды (Шымкентке келген Сатыбалдыны Әбдірахымовтың күтіп алып, өзі алып жүретінін көргендер аз емес). Сатыбалды әулетіне тиесілі компанияны Шымкентке шақырып, бюджеттен миллиардттаған тендер берудің арғы жағы осы тығыз таныстықпен байланысты десек қателеспеуіміз мүмкін.

Шымкент қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ария Жаңа Қазақстан» компаниясы арасындағы келісімге сәйкес мердігерге қаражат 2019 жылдан бөліне бастаған. Осы жылы 9 900 000 теңге, 2020 жылы --93 000 000 теңге, 2021 жылы --45 323 000 теңге, 2021 жылы --749 614 600  теңге, 2022 жылы --3 463 964 479 теңге, ал  2023 жылы қалған  --5 746 586 630 теңге бөлінуі тиіс болған. Бірақ мердігерге бұл қаражаттардың нақты қаншасының бөлінгені белгісіз. Белгілісі, қаңтар оқиғасынан кейін жағдай күрт өзгеріп,  басқарма мердігермен келісім шартты бір жақты бұзған. Ал 2022 жылы наурызда антикордың мәліметінде келтірілгендей, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен "Ария-Жаңа Астана" ЖШС басшылығы 747 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілігеді. Оның ақырының немен аяқталғанын жоғарыда айттық.

Осы жерде мына бір мәселеге тоқтала кетейік. 2023 жылдың маусымында Қызылорда қаласының №2 соты жоғарыда аталған  «Ария Жаңа Қазақстан» компаниясының құрылтайшылары мен Қызылорда қалалық әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты үкім шығарған болатын. Тергеу барысында анықталғандай, компанияның шын иесі (сот үкімінде солай деп жазылған Ж.Т.)  Гүлмира Сатыбалдының ықпалымен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС 2018 жылдың күзінде Сырдария өзенінің сол жағалауына жылу желілерін тарту бойынша тендерді жеңіп алған. Ақыр аяғында Гүлмира Сатыбалды кәсіпорын басшысымен бірлесіп, 441 миллион теңгені жымқырған. Бірақ Г.Сатыбалды мемлекетке келтірген шығынды сотқа дейін толығымен құйып тастаған. Соның өзінде сот шенеуніктердің әрқайсысын  7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал Назарбаевтың экс-келіні содан бір ай бұрын бизнесмен Тұрсын  Алагөзовтың компаниясын рейдерлік жолмен тартып алғаны үшін Астанадағы соттың үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қызылорданың соты осы жазаға тағы бір жылды қосып, Гүлмира Сатыбалдыны  8 жылға бас бостандығынан айырды.

 Гүлмира Сатыбалы мен оған қарасты компанияның Шымкентте жымқырған ақшасы Қызылордамен салыстырғанда  кемінде бір жарым есеге көп. Бірақ байқап отырғандарыңыздай, «экс-келін» Шымкенттегі қылмыстық әрекеті үшін ешқандай жазаға тартылған жоқ. Әлде Қызылордаға жүрген заң Шымкентке жүрмей ме?

Ал осы бойынша үстерінен қылмыстық іс қозғалған сол кездегі қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов пен оның орынбасары Мадияр Байымбетов мемлекеттік қызметтегі жұмыстарын ешқандай алаңсыз атқара берді. Байымбетов көп ұзамай қалалық құрылыс басқармасының басшысы лауазымына жоғарылады.

Басқа жақты қайдам, Оңтүстікте құзырлы органдардың айқайлап басталған кейбір істері осылайша түсініксіз аяқталады. Сатыбалдының ісін айқайлап бастау кімге тиімді болды? Соңын осылай шолақ қайыру кімге тиімді болды? Сіз қалай ойлайсыз?  

«Рейтинг» газеті, 5 наурыз 2025 жыл.


Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды
Сәрсен Құранбек: «Ресми өкіл мәселесі – қала әкімінің шешімі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу