Олжас Бектенов: BI Group міндетін адал атқармайды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді.
--Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.
Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.
Мұның соңы қиын болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз», — деп атап өтті жиында Олжас Бектенов.
Біз бұған дейін BI Grup компаниясының Шымкенттегі Назарбаев-Бәйтереков көшелерінің қиылысынан қалалық әкімдіктен заңсыз алған жерге заманауи тұрғын кешенін салғанын жазған болатынбыз. Кейінірек сот жерді мемлекетке қайтару, құрылыс жұмыстарын тоқтату жөнінде шешім шығарғанымен, компания соттың шешімін орындамаған. Қазіргі уақытта заңсыз жерге салынған пәтерлер сатылып жатыр.