«Бэтмен» шенеунік бола алмайды деп, кім айтты?

Oinet.kz 27-02-2025 99

Ruslan_Berdenov_(2024-01-05).jpg

Шымкентте қала әкімінің бір орынбасарының орынтағы  былтыр маусымнан бері бос тұрғанын біз бұған дейін де жазып едік. Осы аптада сол креслоның иесі табылды. Тоғыз ай бойы күткен орынбасар Мәжілістен келді... Жоқ, ол Мақсат Толықбай емес. Ринат Зайытов та емес. Ғабит Сыздықбековтің жаңа орынбасары – Руслан Берденов. 

Руслан Арысбекұлв Берденов – Шымкент қаласының тумасы. Екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған.  Еңбек жолын 2005 жылы белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембаев негізін қалаған «Сеймар» тобына қарасты «Алматы құс» компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастаған. Бұдан кейінгі жылдары Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі, «Eastcomtrans» ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған.

2012 жылдан бастап «Ақ ниет» компаниясында басшылық қызметтерді атқарған. Байқағандарыңыздай, Берденовтің мемлекеттік қызметте ешқандай тәжірибесі жоқ. Бірақ саясатта алған біраз еншісі бар. Ол «Respublіca» партиясының тең төрағасы қызметін атқарды. 2023 жылы өткен сайлауда «Respublіca» партиясының атынан партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланды. Әрине, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымы мемлекеттік қызмет боғандықтан Берденов партиядағы төрағалық қызметін де, депутаттық өкілеттігін де тоқтататыны айтпаса да түсінікті. 

Кейбір ақпараттарға қарағанда, Р.Берденовтің республикалық маңызы бар Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, яғни саяси қызметке тағайындалуы  «Respublіca» партиясының беделін айтарлықтай көтеріп жіберді. Себебі бұған дейін еліміздегі саяси партиялардың арасында мұндай дәрежеге «Аmanat-тан» басқа ешқандай партия қол жеткізе алмаған көрінеді.

«Руслан Арысбекұлы мемлекеттік қызметке ауысты. Ол өзінің ұстанған прициптеріне адал болып қала береді. Оның Парламенттегі тәжірибесі Шымкенттің дамуына зор үлесін қосады деген сенімдеміз»,– деп жазыпты «Respublіca» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров.

Айта кетейік, бұған дейін мәжілісмен Руслан Берденовтің елордадағы ең биік ғимарат – «Абу-Даби Плаза» төбесінде шапан киіп, «Бэтмен» позициясында түскен видеосы желіде қызу талқыға түскен еді. Жарияланған видеоролик көп ұзамай желіден өшіп кетті. Ал Руслан Берденовтің өзі бұл видеоға қатысты: «Бұл видео – Әділет Рахметолла түсіріп жатқан әлеуметтік роликтің бір бөлігі. Ешқандай терең мағына іздеудің қажеті жоқ»,– деп пікір білдірген болатын. Содан бері Берденовті көпшілік «Бэтмен» бейнесінде елестетеді. Суперқаһарманнан суперорынбасар шыға ма?    

Айтпақшы, Шымкент пен Түркістанда Берденовтер көпшілік үшін танымал әулет саналады. Арман Арысбекұлы Берденов уақтысында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. Шымкент қаласынан сайланған. 2018 жылы Түркістан облысы құрылған соң мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланған бір топ депутат өз еріктерімен мандаттарын тапсырған. Солардың арасында  «Еврофарма LLC» ЖШС-ның президенті Арман Берденов те болатын. Арман Берденов Руслан Берденовтің ағасы. Ал, жаңылыспасақ, олардың әкесі, құқық қорғау органдарының ардагері  Арысбек Берденовтің аты-жөні былтыр «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын алғандардың тізімінде болған.

  Руслан Берденовтің қала әкімінің орынбасары ретінде қай салалардың жұмысын үйлестіретіні әлі белгісіз.


Жұмашевтің ісі алқабилердің қатысуынсыз қаралады
«Рейтинг» қойған сауал: Жаңа терминалдан қашан ұшамыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу