Жұмашевтің ісі алқабилердің қатысуынсыз қаралады

Oinet.kz 26-02-2025 217

01000000-0a00-0242-e920-08db60fcc1e0_cx11_cy24_cw73_w1080_h608_s.jpg 

Бұған дейін жазғанымыздай, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымын атқарып жүріп, қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған Ғалымжан Жұмашевтің ісі Шымкенттің сотына түсті. Ол осыдан бір жыл бұрын, 2024 жылдың ақпанында ұсталған болатын.

Сот кабинетіндегі мәліметтерге қарағанда, Жұмашевтің және онымен бірге тағы бір азаматтың ісі жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы С.Темиралиевтің өндірісіне түскен. 20 ақпанда алғашқы сот отырысы өтті. Осы отырыстан кейін судья орыс тілінде жүргізілген істі қазақ тіліне ауыстыру туралы қаулы шығарған. Жұмашев істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды  сұранған. Келесі сот отырысы 6 наурызға белгіленді.

Жұмашевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, алаяқтық жасау, пара алу, пара беруге айдап салу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бар.

Ғалымжан Жұмашев Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына 2023 жылдың қазанында тағайындалды. Бұған дейін ол Білім және ғылым министрлігінде басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болған. 2016 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған. Түркістанға келгенге дейін Президент Әкімшілігі Іс басқармасында жұмыс істеген.  Қызметіне тағайындау барысында оған облыс басшылығы тарапынан Мемлекет басшысының білім сапасын көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау, өңірдегі білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешу жүктелді. Осы өзекті мәселенің қатарында білім саласындағы қаражаттардың талан-таражға түсуіне тосқауыл қою да болғанға ұқсайды. Білім басқармасының басшысы лауазымына мамандығы бойынша мұғалім емес, заңгердің тағайындалуы тегін болмаса керек.

Алайда былтыр ақпанда күтпеген жағдай болды.  Жұмашевті Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ұстағаны, оның үстінен «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабы» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, пәтерінде, қызметтік бөлмесінде тінту жүргізілгені алғашқыда әлеуметтік желі арқылы таратылды. Бұл іске Жұмашевпен бірге Астанадан еріп келген көмекшісі мен хатшысының да қатысы бар екені жазылды. Осы кездері Түркістан облыстық әкімдігі: «Түркістан облысы білім беру басқармасының басшысы туралы тарап жатқан ақпаратқа қатысты құзырлы органдар тарапынан ресми мәліметтің берілгенін күтуге шақырамыз. Бұл жағдайдың Түркістан облысы білім беру басқармасы басшысының өңірде атқарып келген қазіргі қызметіне қатысы жоқ»,– деген ақпарат таратқан болатын.

Соңғы уақытта республикалық ақпарат құралдарында Жұмашевтің ісін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қасақана ұйымдастырғаны туралы материалдар жарияланды. Оның үстінен құзырлы органдарға жекеменшік мектептері бар, бұған дейін алаяқтық бабымен сотталып шыққан шымкенттік азаматша арызданған көрінеді.

Не де болса, істің анық-қанығы сот үкімінен кейін белгілі болады.



«Қамалуы керек еді» деген Қалқаманов жаңа қызметке тағайындалды
«Бэтмен» шенеунік бола алмайды деп, кім айтты?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу