«Қамалуы керек еді» деген Қалқаманов жаңа қызметке тағайындалды

Oinet.kz 26-02-2025 714

Screenshot_2.png

Түркістан жұртшылығына, оның ішінде журналистер мен зиялы қауым өкілдеріне жақсы таныс Сәкен Қалқаманов жаңа қызметке тағайындалды...  Иә, уақтысында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ең сенімді кадрларының бірі болған, облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарып, қызметінен кеткен соң басы сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайға шырмалған Қалқамановты айтып отырмыз. Соңынан шым-шытырық әңгімелер ерген  экс-орынбасардың мемлекеттік қызметтегі карьерасы сәтімен жалғасып жатыр. Кеше облыстың білім, ішкі саясат, мәдениет, спорт салаларына жетекшілік еткен шенеунік енді экологиялық мәселелермен айналысатын мекеменің басшылығына келді. Мамандығы бойынша журналист Қалқаманов өзін осылайша сан салада шыңдалған, ең бастысы, «отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын»,  нағыз кәнігі кадр, бесаспап маман екенін тағы бір дәлелдеді.

Сәкен Амангелдіұлы «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Мұндай лауазымға ол аталған мекеменің жалғыз акционерінің шешімімен бекітілген. «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Үкіметтің 2018 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен құрылған.  Орталықтың жалғыз акционері – Үкімет, дәлірегі Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Ғаламторда жарияланған мәліметтерге қарағанда, орталық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету үшін ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарын енгізу арқылы жасыл технологияларды ілгерілету және бизнесті қолдау мақсатында құрылған. Қалқаманов бұл мекемеде біраз уақыттан бері жұмыс істейтін көрінеді.

Жалпы, Өмірзақ Шөкеевтің ең сенімді кадрлары туралы елдің аузында әрқилы пікірлердің бар екендігі рас. Тағдыр жолы оларды әр қиырда тоғыстырған. Мәселен, Шөкеевтің командасына Асылжан Мамытбеков екі мыңыншы жылдардың басында Қостанай облысында қосылды. Ұлан Тәжібаев одан беріде Шөкеев Астана қаласына әкім болған кезде ілікті. Ал Қалқаманов-Шөкеев тандемі одан да беріде, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қалыптасты десек, қателеспеуіміз мүмкін. 2019 жылдың ақпанында Шөкеев Түркістан облысына әкім болды. Шөкеевтің бірі оң қолы, бірі сол қолы болған Тәжібаев пен Қалқаманов алғашқыда облыс әкімі кеңесшісінің креслосында отырып, көп ұзамай облыс әкімінің орынбасары лауазымына көтерілді. Ұлан Тәжібаевқа ауыл шаруашылығы, Сәкен Қалқамановқа идеология саласы бұйырды. Үш жылдан кейін – 2022 жылдың күзінде Шөкеев ірі көлемде парамен ұсталған Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа шығарылған үкімнен кейін отставкіге жіберілді. Қалқаманов Түркістаннан сол жылдың аяғында кетті. 

Жасыратыны жоқ, облыс әкімінің орынбасары ретінде  Қалқаманов дау-дамайы көп, берекесіздік жайлаған  салалардың жұмысын үйлестіре алмады. Сол жылдары облыстың білім саласында жұмысқа парамен қабылдауға қатысты әңгімелер көп айтылатын («еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтын облыс» деген сөз сол кездегі Президент Назарбаевтың да аузымен айтылған). Алайда Шөкеев пен Қалқаманов дүйім жұрттың алдында бұл әңгімелерді теріске шығарып, мектепке маман қабылдаудың автоматтандырылғанын алға тартумен болды.

Тіпті «мектепке жұмысқа тұру үшін пара беру керек» деген әңгімелерді мифке, жел сөзге балаған еді. Алайда, масқара болғанда, артынша Түркістан облысында мұғалімдік қызметке қабылдау барысында  пара алғаны үшін екі бірдей аудандық білім бөлімінің басшысы сотталды. Қалқаманов бақылау жасайтын өзге салаларда да «көз қысты, бармақ басты» әрекеттер өршіді. 2020 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Исабек сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айрылды. Бірақ бұл жағдай Қалқамановтың карьерасына ешқандай әсер еткен жоқ. Шөкеев оны отставкіге жібермеді. 2021 жылы Қалқаманов тікелей басшылық жасаған спорт және дене шынықтыру басқармасының басшылары ақша жымқырды деген айыптармен сотталды. Қалқаманов бұл істен де «құрғақ» шықты.

Бұдан кейінгі кезек  Қалқаманов тікелей басшылық жасаған Қоғамдық даму басқармасына келді. Басқарманың бұрынғы басшысы Дамир Жүнісовтің үстінен іс қозғалды.  Антикор Жүнісовтің пандемияның кезінде  бюджеттің 239 миллион теңгесін талан таражға салды деген күдікке іліккенін, кінәсін мойындағанын жария етті.

Алайда 2023 жылы «Рейтинг» газетінің редакциясына келген Дамир Жүнісовтің әкесі Дәулет Жүнісов құзырлы органдар  кінәнің бәрін Дамир Жүнісовтің басына үйіп-төгіп, ал іске тікелей қатысы барларға тіс батыра алмай отырғанын мәлім еткен болатын.

Оның айтуынша,  әкімдік  Қоғамдық даму басқармасының мойнына облысқа келген қонақтарды, тексерушілерді, журналистер мен блогерлерді  күту, шығарып салу, алып жүру міндеттерін жүктеген. Әрине, мұндай шығындарға қазынадан ақша бөлінбейді. Осы кездері облыс әкімінің орынбасары  Сәкен Қалқаманов басқармадағы басшыларға шығындарды тендер арқылы жабудың жолдарын көрсеткенге ұқсайды. Осы арқылы кетіп жатқан қаржылар көбейіп, заңсыз тірліктер жиілеген соң  Дамир жұмыстан өз еркімен босап кетеді. Көп ұзамай антикор тендердегі заңсыздықтарды анықтап, қылмыстық іс қозғайды. Бірақ тергеу амалдары біржақты жүргізілген.

Жүнісов бұл іске Қалқамановтың қатысы барын дәлелдейтін көптеген айғақтар ұсынғанымен, тергеушілер оны зерделеуге құлық танытпаған. Экс-орынбасардан жауап алынғанымен, оны екі күннен кейін босатып жіберген. Сол 2023 жылдың тамызында Дамир Жүнісов пен оның орынбасары қызметін атқарған Дінмұхамед Жақыпбековті Түркістан қалалық соты 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.  Шындық үшін шырылдаған, «Қалқаманов неге қамалмайды, неге заң алдында жауап бермейді?» деген әке мен ұлдың жанайқайы жаңғырық күйінде қала берді.  

Айтпақшы, ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда,  Қалқаманов басшылыққа келген орталық та сыбайлас жемқорлыққа әбден былыққан мекеме болып шықты. Былтыр  антикор «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» директоры лауазымын атқарған Олжас Ағабековті ұстаған болатын. Оған ірі көлемде пара алды, алаяқтық жасады, қызмет бабын теріс пайдаланды деген айыптар тағылды. Басшы сыбайластарымен бірге  «ҚазМұнайГаздың» демеушілік көмек ретінде бөлген 121 миллион теңгені жымқырған. Бұл ақшаға орталық Дубайда конференция өткізуге тиіс болған көрінеді. Сот үкімімен Ағабеков 9 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. 

Енді міне, онсыз да жемқорлықтан ес жия алмай тұрған мекемеге басшының міндетін атқарушы болып соңынан жемқорлық туралы әңгімелер ерген шенеунік тағайындалды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың да бір ойлағаны бар шығар, бәлкім!   Әліптің артын бағып көрейік.


«Рейтинг» газеті, 26 ақпан 2025 жыл.  


ШЫМКЕНТ: Көптен күткен орынбасар Мәжілістен келді
Жұмашевтің ісі алқабилердің қатысуынсыз қаралады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу