Мәсімовтің зәулім үйі сатылымға шығарылды

Oinet.kz 10-02-2025 392

Астанада ішкі, сыртқы көрінісі ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тиесілі үйге ұқсайтын мүлік сатылымға шығарылды. Бұған дейін ҰҚК зәулім сарайдың суреттерін жариялаған еді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_10.jpg

Тиісті лот Е-Qazyna электрон сауда алаңының сайтында жарияланған. Жертөлесі бар тұрғын үй елорданың Нұра ауданында орналасқан. Жалпы ауданы 2877,7 шаршы метр болатын екі қабатты үй 1 883 338 958 теңгеге бағаланған. Алайда сатып алушы 117 960 теңге сомасында кепілдік жарна салуы қажет

Үйге әртүрлі аумақтағы бірнеше жер учаскесі кіреді, олардың бірінде гараж орналасқан. Үй 879 дана мүлікпен бірге сатылмақ. Олардың арасында жиһаз, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, коллекциялық монеталар, кәдесый ретіндегі қарулар бар.

Мүлікті Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сатылымға шығарды.

Мәсімовке қатысты іс

2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын. 

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленеді.

Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды. 

Қарапайым Қошанов
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу