Мәсімовтің зәулім үйі сатылымға шығарылды
10-02-2025
Ерлан Қошанов бір әңгімесінде жас кезінде журналист болуды армандағанын айтып қалғаны бар. Бірақ тағдыр жолы басқа тарауға түсірді.
Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалын тәмамдаған Ерлан Жақанұлы еңбек жолын «Жезқазғантүрлітүстіметалл» фабрикасында слесарь боп бастады да көп ұзамай жігерлі жасты комсомол ұйымы байқап, өз жұмыстарына тартып, ә дегеннен іскерлігімен танылған жас маман қызмет баспалдағымен көтеріліп кете барды. Ал, еліміздің тәуелсіздік алуы Қошановтың жолын ашып тіптен, жаңа белестерге көтеріп, жаңа жүйе үлкен сенім артты. Осылайша Ерлан Жақанұлы 33 жасында ең жас Сенат депутаты атанып, карьерасы дөңгелеп жүре берді.
Иә, басқа-басқа Ерлан Қошанов қызметтен кенде болған жоқ. Қызметтік көліктен түскен емес. Вице-министр, комитет төрағасы лауазымдарының креслосына отырды, одан Үкімет кеңсесін басқарды, Қарағанды облысының әкімі, Президент аппаратының жетекшісі, қазір Парламент Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы қызметтерін атқарып жүр. Шынында құдай өзі Қошановқа келгенде қызмет жағынан қолды молынан салғаны рас.
Әрине, Ерлан Қошанов Үкімет сапына бұрыннан еніп, көзіқарақты жұрт есімін тәп-тәуір білгенімен оның саясатта жарқ етіп көзге түскен сәті Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған кез екені жасырын емес. Қарағанды облысы әкімінің орынтағы Қошановтың тағдыршешті қадамына айналды. Әрине, Қазақстанның қақ ортасындағы үлкен аймақты алып жатқан Қарағанды облысы біреуден ілгері, біреуден кейін дамып келе жатқаны анық. Алайда осы тұста айта кету керек, Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған кезде Ерлан Қошановтың кадр іріктеуге деген тәжірибесі әлі күнге ел ішінде аңыз болып айтылып жүр. Яғни, осы қызметіне Астанадан ауысып келген Ерлан Жақанұлы елорда жақтан ешқандай кадр әкелмеуімен ерекшеленіпті. Нақтырақ айтсақ, Е.Қошанов жергілікті кадрларға сенім артып, сырттан ешқандай кадр әкелмеген. Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отыратын заманда Ерлан Қошановтың бұл тірлігін ерлік демей көріңіз... Әйтпесе, Астана дегенің Қарағандыға тиіп тұр емес пе? Қошанов ыңғай білдірсе, Астанадан Қарағандыға қатынап жұмыс істей беретіндердің қатары өте көп болатынына бәсіміз жоқ. Бұл жағынан келгенде Қошановтың тірлігін бас бармақпен бағалауға болады.
Алайда Қошанов Қарағандыда қызметте жүргенде бәрі керемет болды, ешқандай айтыс-тартыс, дау-дамай болмады деп айтуға болмас. 2017 жылдың желтоқсан айында Қарағандыдағы сегіз шахтаның 600-ден аса кеншілері ереуілге шығып, жер астындағы шахтадан шықпай жатып алғаны бүкіл республиканы дүрліктіргенін ел әлі ұмытқан жоқ. Шахтерлар айлықты 100 пайыз өсіру, жұмыс орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуды, зейнетке 50 жастан шығаруды талап еткен болатын.
Әрине, кеніштің жергілікті басшылары шахтерларды келіссөзге шақырып, дауды басу үшін уәдені үйіп-төккенімен екі жақ ешқандай келісімге келе алмады. Міне, осы кезде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың өзі жер астындағы шахтаға түсіп, кеншілермен сөйлесіп, арыз-шағымдарын тыңдап, одан шахта басшыларын келіссөзге отыруға мәжбүрлегені баспасөзде дүркін-дүркін жазылып жатты. Ақырында шахтерларға жұмыс беруші – «Арселор Миттал ТМД» компаниясының бас директоры Парамжит Калон Қарағандыға келіп, облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесу өткізді. Яғни, облыс басшысы табандылығын көрсете білді.
Қошановтың кезінде Қарағандыда есте қалған тағы бір оқиға – облыс орталығындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхановтың есімі берілуі еді. Рас, ақпарат құралдары «Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы қарсаңында Алаш Орда лидерінің есімі Қарағанды қаласындағы ауданға берілді» деп сүйінші сұрап жазып та жіберді. Бірақ берілді деген жаңалықтан кейін де бұл іс созылып, бірден шешіле салмады.
Қарағанды облысының әкімі ел алдында берген есептік жиынында тұрғындар «Қашан беріледі?» деп жағадан алғандай болғанда Ерлан Қошанов «Октябрь ауданында 250 мыңнан аса халық тұрады. Егер ресми жауап берсем, бұл менің қол қойып шеше салатын мәселе емес. Қанша уақыт әкім болатынымды білмеймін. Бірақ азамат ретінде, осы елдің тұрғыны ретінде мен сіздермен келісемін. Оған әрекет жасаймын. «Қыр баласы» дегеннің кім екенін білесіз бе? Бұл Әлихан Бөкейхановтың бүркеншік есімі, псевдонимі. 1920 жылдары болуы керек, «Қазақ» газетінде Әлихан «Халыққа қалтқысыз қызмет еткен, еңбегі сіңген тұлғаның есімі қағазда емес, жүректің түкпірінде сақталуы тиіс» деп жазды. Мен ойлаймын, Әлихан Бөкейхановтың есімі біздің жүрегімізде сақтаулы, ал, жүректегі нәрсе түбінде қағазға түседі. Мен әкім болып тұрған кезде ме, жоқ, менен кейін бе?.. Өзім әкім болып тұрған кезде соған әрекет жасаймын деп уәде беремін» деп шынын айтты.
Кім біледі, басқа әкім болғанда «Міндетті түрде қатырамын, істеймін, жасаймын» деп өтірік уәдені үйіп-төгіп, құтылғанша асық болар ма еді... Қошанов шындығын айтып «Қолымнан келмей жатыр» деп ағынан жарылды. Шынында Әлихан Бөкейхановтың есімі Октябрь ауданына ресми түрде кейінірек берілді.
Әрине, мемлекеттік тілдің мерейі әрдайым үстем бола берсін. Дегенменде Ерлан Қошанов Қарағандыда қызметте жүргенде қазақ тілін оқыту, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмай отырған мекемелер мен өңірлерге қатысты шара қолданудан да ерекшеленгені белгілі. «Мемлекеттік мекемелердің құжат айналымын ішкі бақылау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, ішкі және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде дайындалуы мен рәсімделуі қатаң бақылауға алынсын. Басқарма басшылары қала, аудан әкімі аппараттары мен мемлекеттік мекемелерден құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасын сұрауды тоқтатсын. Оқыту жағын мен сізге айтайын, біз алысқа кеткен жоқпыз. Мен мұны бақылап, тексеріп көрдім. Оқытуда әдістемелік құралдар, негізгі методикалар – оның бәрі сын көтермейді. Бұл негізі біздің болашағымызға, ұлт болашағына, ел болашағына қажет үлкен мәселе! «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деген, соған қандай ықпал жасап жатырсыздар? Тіпті науқан қылу керек, оқыту керек, бұл әріптестеріміздің болашағына керек», – деп кесіп айтқан болатын Е. Қошанов.
Қалай айтсақ та Ерлан Қошанов көпшілікке сүйкімі бар тұлға. Ғаламтор арқылы жұрт Ерлан Жақанұлының шебер домбырашы екенін де білді. Қос ішекті шерткенде де кәдімгі кәсіби домбырашы сияқты шебер шертіп отырғанын көріп сүйсінген жұрт көп. Кейбірі таңқалып та жатты. Кейде біздің ірі тұлғаларға осындай қарапайымдылық жетіспей жататыны бар. Бұл жағынан келгенде Қошанов әрдайым елмен емін-еркін араласып, ашық-жарқын әңгімелесіп, қарапайымдылығымен, жаңашылдығымен, ең бастысы ұлтжандылығымен ерекшеленіп жүргенін жасыруға болмас.
Оралхан ДӘУІТ