«Саурандағы сайқымазақ сайлау»: Көзбояушылыққа толы саяси дода, елді шулату кімге керек?
«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде біз Сауран аудандық білім бөлімінде аса ірі көлемде қазына қаржысын талан-таражға салғаны үшін басшының, бас маман мен екі есепшінің сотталып кеткенін жазып едік.
Осы аптада Сауранда болған тағы бір мәселені қозғағалы отырмыз. Оны келеңсіздік десек те, жөнсіздік десек те, тіпті, елдің жағасын ұстатын сорақылық десек те жарасады. Бұл жолғы тақырып Ескі Иқанда осы аптаның жексенбісінде өтетін ауыл әкімі сайлауымен байланысты. Иә, бір кездері бандиттер билік жүргізбек болған, сыбайлас жемқорлық тамыр жайған, әділетсіздіктері шектен шыққан Ескі Иқан ғой, сол баяғы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, жуырда телеграмдағы каналдардың бірінде Ескі Иқан ауылдық округінде 2 ақпанға белгіленген ауыл әкімі сайлауына қатысты шағым жарқ ете қалды. Ауыл тұрғыны С.Рахимовтың орыс тілінде жазған хаты «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің назарына ұсынылған. Хат мәтініне қарағанда, сайлауға «Аманат» партиясының Сауран аудандық филиалы қазіргі әкім Дилшод Саитовтың кандидатурасын ұсынған. Ал бұл шешімге ауыл тұрғындары қарсылық білдірген.
«Күн санап әділдікке деген үмітіміз азайып келеді. Мұндай қарама-қайшылығы көп азаматтың әкім болып сайлануы халықтың сеніміне нұқсан келтіреді»,– деген сөздер келтірілген хатта. Осы жерде аздап шегініс жасайық.
Ескі Иқан ауылдық округінің бұрынғы әкімі Хасан Муслимов 2019 жылы «пара алмаймын» деген челлендж таратып, оның түсірген ролигі әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған болатын. Қызық болғанда, арада бір жыл өтпей жатып «пара алмайтын» Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін 2 миллион теңге алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім күшіне енген соң, 2021 жылы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов (бұл кезде Ескі Иқан Кентау қаласына қарайтын) отставкіге арыз бергенімен, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев оны сөгіс жазасымен қызметінде қалдырды. Арада тағы бір жыл өткенде Махажановтың өзі 100 мың доллар пара алды деген айыппен сотталып кетті. Оның соңы Өмірзақ Шөкеевтің отставкіге кетуімен аяқталғаны белгілі. Ескерте кетері, Дилшод Саитов Ескі Иқанға парақор Хасан Муслимовтан кейін, 2021 жылы тағайындалған әкім. Ол оған дейін он жылдай аталған әкімдікте бас маман, есепші лауазымдарын атқарған.
Сонымен, жоғарыдағы хат авторының жазуынша, Д.Саитов әкім болған төрт жыл ішінде көптеген заңсыз әрекеттерге барған. Мәселен, заңсыз жер берген, ал оның анасының атынан ашылған «Венера» шаруа қожалығы өкіметтен заңсыз субсидия алған. С.Рахимов дәлел ретінде субсидияларға қатысты шығарылған сот шешімі мен жерге қатысты келеңсіздіктерді анықтаған прокуратураның хатын да жариялаған.
Ескі Иқандағы осы жағдай ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатқан кезде «Аманат» партиясының Сауран аудандық филиалы арнайы мәлімдеме таратты (ол ақпарат құралдарында жарияланды). Мәлімдемеде партия филиалы жетекшілерінің Д.Саитовты барынша қорғауға, ақтап алуға тырысқаны байқалады (елдегі ең беделді деген «Аманаттың» аманатын арқалаған, партия серкелері үміт артып, басына үкі таққан кандидат болған соң ақтамағанда қайтсін енді). Мәлімдемедегі мәліметтерге сенсек, әкім заңсыздыққа халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін барған екен. 2022 жылы ауылда оқушылардың үш ауысымда оқып жатуына байланысты «Жайлы мектеп» салынбақ болыпты. Осыған байланысты мектеп құрылысына 4,8 гектар жер қарастырылады. Алайда кейінірек бізге белгісіз себептермен Ескі Иқанда жайлы мектептің құрылысы қысқартылып кеткен.
2023 жылдың сәуірінде облыс әкімі Д.Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында құрылысы қысқартылған жайлы мектептің орнына демеушілердің есебінен жаңа мектеп салу жоспарланады. Арнайы тапсырма берілген. Осы тапсырманы орындау үшін 4,8 гектер жерді былтыр ақпанда ауыл әкімі Д.Саитов әлдебір серіктестікке берген. Ал серіктестік ол жерге мектеп салып, қазіргі уақытта білім ұясында 300 бала оқитын көрінеді. Маусымда прокуратура ауыл әкімінің шешіміне тексеру жүргізіп, «Д.Саитов шешімдер мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетіп, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берген» деп тапқан (қазіргі уақытта жерді мемлекетке қайтару үшін сотқа талап арыз берілген). Алайда партия басшылары ауыл әкімінің бұл шешімін теріс демейді, «шешімді қабылдауда ауыл әкімінің мақсаты халықтың мектепке деген мұқтаждығын шешу болып табылады» дегенді алға тартады.
Яғни, партия серкелерінің сөз сықпытынан түсінгеніміз, Саитов халық үшін, облыс басшысы Д.Сатыбалдының тапсырмасын қалайда орындау үшін өзін-өзі құрбандыққа қиған болып тұр ма?! Алайда облыс басшысы тапсырма берген кезде ауыл әкіміне, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровқа «заңды белден басыңдар, құқыққа сыйымсыз тәртіптік теріс қылық көрсетіңдер» демеген шығар.
Ал енді екінші мәселеге тоқталайық. «Аманаттықтардың» жазуынша, ауыл әкімі Д.Саитов анасының атына ашылған шаруа қожалығының мемлекеттен заңсыз субсидия алғанын мүлдем білмейтін де болып шықты. Оның үстіне ауыл әкімінің субсидия беруге ешқандай ықпалы да жоқ көрінеді.
«Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімінен «Венера» шаруа қожалығы және қорғаушысының мүлдем хабары болмаған. Қазіргі таңда сот шешімінің күшін жою туралы қарсы талап арызы берілді»,– делінген партияның мәлімдемесінде.
Біз аталған сот шешімімен танысып шықтық. Оған қарағанда сотқа талап арызды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген. Сот шешімінде «Венера» шаруа қожалығынан 20 978 000 теңге субсидия қаражаты өндірілсін» деп жазылған. Сонда ауыл шаруашылығы басқармасы шаруа қожалығы басшысына ешқандай ескерту берместен оның мемлекеттен алған субсидиясын қайтарып алу үшін сотқа шағымданған ба? Осылай болуы мүмкін бе? Әлде Түркістанның шенеуніктері адамның ақылына қонбайтын, құқыққа сыйымсыз әрекеттер жасауды әдетке айналдырып алған ба? Бұған ауыл шаруашылығы басқармасы не дейді?
Біз мәселенің мән-жайына толық қанығу үшін алдымен жоғарыдағы хаттың авторы С.Рахимовпен тілдеспек болғанбыз. Алайда біз хабарласқан ескіиқандық бірнеше азаматтың ешқайсысы оны танымайтын болып шықты.
– Біздің ауылда ондай азамат жоқ. Шамасы бұл ойдан шығарылған автор болса керек. Алайда ол хатта таза шындықты баяндаған. Мен өз басым ауыл әкімі Саитовтың іскерлігін ортадан төмен бағалаймын. Тіпті мүлдем ештеңе істемейтін әкім десем де болады. Ол туралы елдің аузында әрқилы әңгімелер айтылады. Сондықтан халық оның қызметіне қайта келуін құптамайды. Бірақ жоғарыдағылар оның осы сайлауда жеңіске жетуін қамтамасыз етіп қойды. Додада Д.Саитовқа қарсылас ретінде төрт кандидат тіркелді. Оның ішінде екі кандидат халықтың қамын ойлайтын, іскерлігін көпшілік мойындаған азамат еді. Алайда екеуінің де құжаттарынан шикілік тауып, сайлаудан шығарып тастады. Онымен келіспеген кандидаттар сотқа арызданып еді, әділдік таппады. Қалған екі кандидат Саитовтың өз адамдары. Сонда Президенттің әкімдерді сайлау туралы бастамасының сиқы осы болғаны ма? – деді біз сөйлескен, аты-жөнін ашық көрсетпеуімізді сұранған тұрғындардың бірі.
– Қазір ақпарат құралдарында жарияланған С.Рахимовтың хаты, оған «Аманат» партиясының берген жауабы ауыл тұрғындары арасында қатты талқыланып жатыр. Хат авторының С.Рахимов деп жазылуы тегін емес болса керек. Өйткені ауыл әкімі Д.Саитовтың әкесі Закиржан Саитов ауылдағы Сабыр Рахимов атындағы мектептің директоры қызметін атқарады. Соңғы 10-13 жылдың көлемінде оған қатысты ешқандай ротация жасалған емес. Қайбір жылдары ауылдың бір тұрғынын ұрып-соғып, сол үшін айыппұл салуға сотталған. Бірақ сонда да қызметін атқара берді. Былтыр оның жалған біліктілік санаты арқылы мемлекеттен заңсыз үстемақы алып келгені анықталған. Бірақ осындай келеңсіздіктерге қарамастан Закиржан Саитовтың қылы да қисаймайды. Шамасы ол келесі жылы осы жерден зейнеткерлікке шығады,– деді біз тілдескен тағы бір ауыл тұрғыны.
Бір сөзбен айтқанда, Ескі Иқанда Саитовтарға келгенде бағдаршамның үнемі жасыл түсі жанып тұрады. Сонда бір әулетке осыншама артықшылықтарды жасап берген кім?
Ауыл тұрғындарының айтқан сөздерін құжаттар да растады. Сот кабинетіндегі мәліметтерге қарағанда, Закиржан Саитов 2016 жылы ауыл тұрғынын себепсіз ұрып соққаны үшін қылмыстық теріс қылық жасады деп танылған. Оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалған. Алайда қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған, заңға, педагогикаға жат қылық жасаған З.Саитов осыдан кейін де мектеп директоры лауазымын атқара берген. 2012 жылдан бергі аралықтағы оған қатысты ешқандай ротация жасалмаған. Жоқ әлде директорды бір орында 13 жыл бойы отырғыза беру Сауранда қалыпты жағдай ма? Үлкен Сайтовтың келесі жылы зейнеткерлікке осы құтты орыннан шығатынына ешкімнің күмәні болмаса керек... Кіші Сайтовтың мәселесіне қайта оралайық.
Сауран аудандық аумақтық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне қарағанда, 2 ақпанға белгіленген Ескі Иқан ауылы әкімінің сайлауына 5 кандидат тіркелген. Басты кандидат қазіргі ауыл әкімі Дилшод Саитов «Аманат» партиясынан түскен. Қалғандары өз-өзін ұсынғандар. Олар: Бедил Мамметов, Жаңа Иқан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы; Сардор Нарметов, Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, Хусан Шарапов, «Түркістан-Мақта» ЖШС-ның МТС-Икан мекемесінің меңгерушісі; Илхамжан Зиявиддинов, Мемқалақұрылыс кадастр РМК Түркістан филиалының жетекші маман-заңгері. Алайда ақырғы сәтте «Аманатқа» тегеурінді қарсылас болады деген соңғы екі кандидат жарыс жолынан шығып қалған. Сол баяғы декларациясынан шикілік шықты деген негізбен.
Сайлау комиссиясының шешімімен келіспеген екі үміткер (Хусан Шарапов пен Илхамжан Зиявиддинов) Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотына шағымданған. Талапкерлердің сотта берген жауабына сенсек, олар желтоқсанның аяғында кандидат ретінде тіркелу үшін декларация тапсырып, тиесілі қаражат сомасын көрсеткен. Алайда қаңтардың ортасында әлдебіреулер олардың аттарынан екінші қайтара декларация тапсырған көрінеді. Кемшіліктер кейінгі тапсырылған декларациядан анықталған. Сайлаудың кезінде осындай өте лас әдіс-тәсілдердің орын алуы мүмкін бе? Не сенерімізді, не сенбесімізді білмей дал болдық. Сот екі экс-кандидаттың арызын қанағаттандырусыз қалдырған.
Қазіргі уақытта Ескі Иқан ауылы әкімінің сайлауында Д.Саитовқа қарсылас ретінде екі үміткер қалды. Олардың бірі Саитовтың қарамағында істейтін бас маман, екінші көршілес Жаңа Иқан ауылдық әкімдігінде істейтін бас маман. Бұл сайлауда кімнің жеңіске жететінін дәл қазірдің өзінде тап басып айту қиын емес.
Сонда Ескі Иқанда баламасы бар, бірақ бәсекесі жоқ сайлау өткізу кімге қажет болды? «Аманатқа» ма, әлде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровқа ма? Түркістандық атқамінерлер ертең аудан әкімінің сайлауын да осылай ұйымдастыра ма?
Сіз қалай ойлайсыз?
P.S. Осы мақаланы жазу барысында біз Дилшод Саитовтың телефон нөмірін тауып, оған бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтермеді.
«Рейтинг» газеті,
29 қаңтар 2025 жыл