Исахов, Қоқанбаев... Сейітжанов. Ұлу жылы Шымкентті шулатқан сот процестері

Oinet.kz 26-12-2024 61

 Screenshot_1.png

Өтіп бара жатқан ұлу жылы Шымкентте республиканы шулатқан сот процестерімен есте қалды. Солардың ішінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты айналып өту мүмкін емес шығар, сірә. Өйткені мегаполисте мұндай лауазымдағы шенеуніктің ұсталуы бұған дейін кездеспеген.

Мақсұт Исахов былтыр жазда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкенттегі департаменті төрағасының бірінші орынбасарына 200 мың доллар пара берді деген күдікпен ұсталған болатын. Прокурордың сотта оқыған айыптау қорытындысына қарағанда, ол параны өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істі жабу үшін ұсынған. Сот оны пара беруге оқталды деген айып бойынша 8,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Биыл Шымкентте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымын атқарған Мұхтар Қоқанбаевтың ісіне нүкте қойылды. Ол былтыр маусымда Шымкентте жолаушылар тасымалдаумен айналысатын компанияның өкілінен автокөлік алу үшін ірі көлемде қарыз сұраған. 2023 жылдың 13 маусымында антикордың қызметкелері басқарма басшысының пәтеріне тінту жүргізген кезде 13 миллион теңге салынған қара пакетті тапқан (бұл туралы биыл «Рейтингте» жариялаған «Пара сұрама, қарыз сұра» деген мақаламызда жан-жақты жазған болатынбыз – редакция). Құзырлы органдар Қоқанбаевқа «қызметтік өкілеттікті теріс пайдаланды» деген айып тақты. Алғашқы сатыдағы сот оны ақтағанымен, апелляциялық саты бұрынғы басқарма басшысына 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ, биыл жазда Шымкент соты жұмыспен қамту орталығының (қазір ол еңбек мобильдігі орталығы деп аталады) директоры Шағадат Әсетті Қылмыстық кодекстің пара алу және салғырттық баптарымен кінәлі ден тауып, оны 14, 682 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті.

Биыл ақпанда қала әкімі Сыздықбековтың жиналысының үстінде антикор тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты ұстады. Бюджеттің 300 миллион теңгеден астам қаражатын жымқырды деген айып бойынша Момынов тамыздың соңында 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Биыл Шымкент қаласында 2017 жылы алпауыт миллионер Серікжан Сейітжановқа бар-жоғы 128 миллион теңгеге сатылып кеткен «Мұз сарайы» прокуратураның араласуымен қайтадан мемлекеттің бақылауына қайтарылды. Сотта анықталғандай, Сейітжановтың иелігіндегі «МұнайҚұрылыСервис» компаниясы 128 миллион теңгеге сатып алған нысан үшін бес жылда мемлекеттен 778 миллион теңге ақы алған.

Биыл сондай-ақ, ұзақ жылдардан, ұзақ сот процестерінен кейін Фосфоршылар сарайы әкімдіктің балансына берілді. Ғимарат толығымен бұзылып, қазір оның орнында Жастар орталығын салу жұмыстары басталды.

«Рейтинг» газеті, 25 желтоқсан 2024 жылы.


Шымкентте шенеуніктер кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқан
Әуежайдың елеусіз ашылуы елді таңқалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу