Депутат билерге қарсы «соғыс» ашты

Oinet.kz 30-10-2024 376

‍Соңғы кездері ел арасында би атын жамылып, арзан атақ жинау, мал табу сияқты жәйттер жиіледі. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да алаңдай бастады.

Жуырда Мәжілістегі «Аманат» партиясы фракциясының мүшесі Б.Керімбек Бас прокурорға, Әділет министріне осыған байланысты хат жолдады.

– Кемеңгер Абай кезінде аузымен орақ орған пысықайларға қарата «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, құртқан жоқ па елдің сиқын» деп, оларды қатаң сынаған еді. Өкінішке қарай, соңғы кезде елімізде осындай өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» көбейіп кетті. «Қазақ билері», «Қазақ билер алқасы» секілді атаулармен құрылған түрлі рулық-жүздік қоғамдық ұйымдар қаптады. Тіпті, ресми тіркелмей-ақ өз алдына оңаша отау құрып, би болып жүргендер де жетерлік. Бұдан бөлек, ат төбеліндей аз ғана топтың қолдап-қолпаштауымен Бас би атанып, асатаяқ ұстап, ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар. Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады, - дейді депутат.

Депутаттың ойынша, өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамдардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілуі тиіс. Әділет министрлігі, Бас прокуратура еліміздегі қазіргі түрлі «билер» атын жамылған ұйымдардың жұмысына тексеру жүргізіп, олардың қызметінің заңға сәйкестігін пысықтауы керек.

Шөкеевтің қателігін Жұманғарин түзей ме?
«Таза Қазақстан»: Экологиялық шараға шымкенттіктер белсене қатысуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу