Әкім Ағыбаев тірлігін атқара алмай отыр
Түркістан облысы Келес ауданы Ескіқорған елді мекенінің тұрғындары ауылда 1959 жылы асарлап салынған бастауыш мектептің қирағалы тұрғанын айтып, Ulysmedіa.kz порталы арқылы үндеу жолдады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ауыл ақсақалдарының айтуынша, білім ұясының қабырғалары сөгіліп, едені тесілген, шатыры қирап тұр. Ғимараттың төбесі түсіп, оқушылардың басына құлаған жайттар да болған.
Тұрғындар осы мектепті қайтадан жаңартып беруді сұрап, ауданның атқамінерлерінің табалдырығын талай тоздырғанын, алайда үндері аудан аумағынан аспай жатқанын айтады.
– Жергілікті А15 жолының бойында, кеден бекетінің түбінде орналасқан ауылдың қирап тұрған мектебі елдігімізге сын,– дейді ақсақалдар.
Айтуларынша, ауылда не жол жоқ, электр желілері ескіргендіктен, жарық жиі сөнеді. Олардың бар үміті облыс басшыларында. Солар мәселеге назар аударып, жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған мектепті қалпына келтіріп береді деп сенеді.
– Осындай мектепке балаларымызды жіберуге де қорқамыз, – дейді үндеу жолдаушылар.
Аудандағы бастауыш мектептің осындай мүшкіл жағдайын Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев біле ме? Аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасын ашсаңыз, қызу тірлік. Абайда абаттандыру шаралары жүріп жатыр. Ошақтыда канал тазалануда, Қошқарата мен Қарабурада спорт алаңшалары салынуда. Бұлардың қасында Ескіқорғандағы ескі мектептің мәселесі түк емес болғаны ма? Керісінше, мектеп ең алғашқы қажеттіліктердің қатарына жатады емес пе?
Президенттің тапсырмасы бойынша аудан әкімдері әр ауылдық округтің халқымен тоқсан сайын кездесіп, талап-тілектерін тыңдауы тиіс. Ескіқорғандағы ақсақалдардың үндеуінен кейін Ағыбаевтың бұл тапсырманы ойдағыдай атқарып жүргеніне күмәніміз бар. Әйтпесе талап-тілегін арқалаған жұрт неге аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырады. Келестік атқамінерлер елдің өтінішіне неге құлақ аспайды?
Жәнібек Ағыбаев Келес ауданының әкімі лауазымына 2022 жылдың аяғында тағайындалған болатын. Облыс әкімінің тағайындаған алғашқы һәм ең сенімді кадрларының бірі саналады. Алайда кейінгі кездері Келестің әкімінің сенімді ақтамағаны, тірлігін алып кете алмағаны туралы әңгімелер жиі айтыла бастады. Бір сөзбен түйіндесек, Ағыбаев жұмысын атқара алмай жатыр.
Ескіқорғандағы мектеп мәселесін Дархан Сатыбалды жеке бақылауына алады деген үміттеміз.