Түркістанның туризмі неге тұралады?

Oinet.kz 16-10-2024 216

Screenshot_2.png


 Түркі әлемінің рухани астанасы, қала берді биыл  Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің ұйғарымымен Түркі әлемінің туристік астанасы деп жарияланған Түркістан елімізде туристердің ең көп қабылдаған өңірлердің бестігіне де енбей қалды. 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қызметке келген соң өз алдына дербес жұмыс істеп тұрған туризм басқармасын таратып, мәдениет басқармасына апарып қосқаны ел арасында түсінбестік туғызған еді. Биыл басқарма өз алдына қайта құрылды. Оның жаңа басшысы Нұрдәулет Медеуов қызметіне ресми түрде жуырда тағайындалды. Бұдан не өзгереді? Жаңа басшы не жаңалық енгізе алады? Әліптің артын бағып көрейік. Айта кетері, қазіргі уақытта туризм саласына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жетекшілік етеді.

2021 жылы сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев елордада өткен брифингте алдағы 5 жылда облысқа келуші туристердің  санын 2,5 миллион адамға жеткізу жоспарланғанын, тіпті болашақта Түркістан әлемдік туризмнің ордасына айналатынын айтқан еді. Содан бері үш жыл жылжып үлгерді, өкінішке қарай қазіргі уақытта Түркістан облысы әлемдік деңгейді былай қойғанда ішкі туризмнің де орталығына айнала алмай тұр. Бұл нені білдіреді?

Туризм және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы комитеті таратқан мәліметке қарағанда, Қазақстанда биылдың жеті айында туризм саласына салынған инвестицияның көлемі айтарлықтай өскен. Оның жалпы көлемі 467 миллиард теңгеден асып, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан. Туризм саласында негізгі капиталға инвестиция салудан көшбасшы атанған ТОП-5 өңірдің ішінде Түркістан облысы үшінші орын алған (алдыңғы орында Астана мен Алматы қалалары).  Жеті айда Түркістан облысында туризм бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 43 миллиард теңгеден асқан. 

Ал енді аталған комитеттің жуырда жариялаған мәліметіне қарағанда, биылдың жартыжылдығында Қазақстандағы орналастыру орындарының қызметін пайдаланған туристер саны 3,4 миллионға жеткен. Туристерді ең көп қабылдаған еліміздің ТОП-5 қаласына мыналар кіреді:

Төменнен жоғарыға қарай атайтын болсақ, бесінші орынды Алматы облысы иеленді. Бірінші жартыжылдықта аталған өңірге 215 826 саяхатшы келген. Алматы облысы көрікті жерлерімен, оның ішінде Шарын шатқалы, Қапшағай су қоймасы және ән салатын құмы бар «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркімен танымал.

Төртінші орында Ақмола облысы. Биылғы жарты жылда 227 935 турист табан тіреген. Ақмола облысы дегенде сұлу Көкше өңірі, атақты Бурабайдың еске түсетіні рас.

Үшінші орында Шымкент қаласы тұр. Алты айда үшінші мегаполиске  252 919 турист келген.  Екінші орынды 677 218 турист қабылдаған  Астана алды.  Ал бірінші орында Алматы қаласы (1 070 358 турист келген).

Мамандардың айтуынша, пандемиядан кейін елімізде туризм саласы қарқынды дамып, туристердің саны 2-3 есеге көбейген. Алайда мұндай қарқын туризмнің әлемдік деңгейдегі орталығына айналады деген Түркістанда байқалмайтын сияқты. Неге? Түркістан облысы былтыр да туристерді көп қабылдаған өңірлердің бестігіне кіре алмаған еді. 

Тағы да статистикалық мәліметтерді көлденеңдетіп көрейік. Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылы 102 миллиард теңгені құрап,  республикадағы өңірлер арасында бірінші орын алған екен.  Сол жылы киелі шаһарда көптеген туристік нысандар мен демалыс орындары іске қосылды. Мәселен, сол кездегі Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен «Turkіstan Tourіsm Cіty» компаниясы салған «Керуен сарай» туристік кешені іске қосылды.

«Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс»,– деген мәлімет таратқан еді облыс әкімдігі.

Алайда бүгінде Орталық Азияда теңдесі жоқ деген «Керуен сарайда» тұрақты 4 мың жұмыс орны бар дегенге сенуге бола ма?  Әй, қайдам.

Шөкеев облыс әкімі лауазымынан 2022 жылы отставкіге кеткен соң Түркістанда бюджеттің миллиардтаған қаржысына салынған нысандардан шу шықты. Мәселен, былтыр елордада өткен брифингте облыс басшысы Д.Сатыбалды «Самұрық-Қазына» қоры 3,3 миллиард теңгеге салып берген Қожа Ахмет Ясауи музейінде, шығыс моншасында басқа да нысандарда қаржылардың жұмсалуына қатысты тексеру амалдарының жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Алайда сол тексерулердің немен аяқталғаны әлі күнге белгісіз. Былтыр Ринат Зайытов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары  Түркістанда кәсіпкерлерге су тегінге сенімгерлік басқаруға берілген нысандарға барып, ақпарат құралдарын шулатқан. Осы сапар барысында жинақталған фактілер Бас прокуратураға берілді деп еді. Оның соңы сұйылып кеткен сияқты. Сонда Түркістанға кеткен жүз миллиардтаған қаржылардың сұрауы жоқ болғаны ғой. 

Айтпақшы, соңғы екі жылдың көлемінде Түркістандағы негізгі тарихи нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ылғалдана бастағаны туралы талай мәрте дабыл қағылды. Тіпті бұл мәселені Президент Әкімшілігі бақылауына алды.

Кесене қабырғаларының ылғалдануына көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының әсер еткенін «Рейтинг» газтіне  берген сұхбатында  белгілі архелог Мұхтар Қожа айтқан еді. Алайда сол кезде бұл тұжырыммен әкімдіктегілер келіспеді. Ақыр аяғында мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Жуырда Түркістанға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева келіп, кесененің жағдайымен танысып шықты. Осы сапар барысында министр  кесене айналасындағы жасыл желектерді шамадан тыс суару нысанға теріс әсер еткенін, нәтижесінде жасыл желектердің бір бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. Бұған енді не айтуға болады?

Биыл маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен алқалы жиында:

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз,– деп атап өткен болатын. Қазір Орталық Азияда туризмнің орталығы Өзбекстан болып отыр десек қателеспейтін сияқтымыз. Бүгінде Шымкенттің өзінен Өзбекстанның Ташкент, Бұхара, Самарқан сияқты қалаларына қыдыртып келетін туристік бағыттар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Шекара бойындағы Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай сияқты аудандардың тұрғындары  шекараның арғы бетіндегі Шарбақ, Шымған сияқты  демалыс орындарында, Ташкенттегі ойын-сауық орталықтарында  уақыт өткізетінін көзіміз де  көрді. Осы жуырда  Өзбекстанның ресми орындары таратқан мәліметке қарағанда, тарихи қала – Бұхараға биылдың тоғыз айында 1 миллионнан астам шетелдік турист келген екен. Осыған байланысты қазір Өзбекстан үкіметі күннен-күнге көбейіп келе жатқан саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа әуежай салуға кіріскен.

Алдағы 3 жылда Бұхараға келетін туристердің санын 8 млн-ға дейін арттыру жоспарланған. Бір ғана Самарқанның өзіне жыл сайын әлемнің 150 елінен 1,5 миллионға жуық шетелдік турист  (ішкі туристердің өзі 5 миллион)  барады екен. Оның едәуір бөлігі Қазақстанның азаматтары екендігі айтпаса да түсінікті шығар. Ал күні кеше Түркістан облысы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, Түркістан өңіріне жыл басынан бері 17 419 шетелдік турист келіпті. Екіарадағы айырмашылықтың аз-көптігін өзіңіз салыстырып көріңіз. 


«Рейтинг» газеті, 16 қазан 2024 жыл.


Сарыағашта кәріздік тазарту станциясы салынуда
Әкім Ағыбаев тірлігін атқара алмай отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу